"Ит жылының бірінші игілігі айыппұлдың төмендеуі шығар. Қаптаған камераның қақпанына түсіп қалта түбі қағылған жүргізушілер бірқатар жазаның жеңілдейтінін естіп жадырап жүр. Мәселен, көлігін мүгедектерге арналған тұраққа қаңтарғандарға қаңтардан бастап 22 мың теңге айыппұл салынады. Бұрын 113 мың теңге төлейтін. Ал, қарсы жолаққа шыққандар осыған дейін бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылса, енді екі ай көлік тізгіндемейді. Машина шамын жақпау секілді ұсақ ереже бұзғандар енді тек ескертумен құтылатын болды" деп сүйіншіледі арна тілшісі.
Ақпарат көзінің дерегінше, ит жылындағы тағы бір жағымды жаңалық шілдеден бастап елімізде базалық зейнетақы мен жәрдемақы 8 пайызға артады. Осылайша, зейнетақының төменгі мөлшері 49 мың, орташа көлемі 71 мың теңге болмақ. Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 мың теңгеге дейін көтерілді. Яғни, қымбатшылық қапқан уақытта бұл да ит жылының бір игілігі болғалы тұр.