Халықаралық «ЭКСПО» көрмесі кезінде Астанадан қатынайтын қосымша пойыздардың бағыты мынадай: Астана-Маңғышлақ, Астана-Атырау, Астана-Шымкент, Астана-Қостанай, Маңғышлақ-Астана, Тараз-Астана, Орал-Астана, Қарағанды-Астана. Жалпы, жақын арада жұмысын бастағалы отырған кешен 54 пойызға, оның ішінде 22 «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы мен 16 стандартты және 16 қалааралық пойызға қызмет көрсетеді.
Бүгінгі таңда жаңа вокзалды жұмысшылармен қамту жұмыстарына Астана қаласының әкімдігі де атсалысуда. Сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастықтың арқасында бекетке дейінгі қоғамдық көліктерді, жүрдек бағдарларды ұйымдастыру жағы қарастырылып жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Астана» теміржол вокзалындағы штаттар саны 217 адам болмақ. Негізгі құрамда 190 адам жұмыс істейді. Алты қабаттан тұратын жаңа вокзалдың аумағы 120 мың шаршы метрді құрайды. Кешенде эксплуатация қызметтеріне қоса, дүкендер, тамақтанатын орындар, қонақүйлер болады. Үшінші қабатында күнделікті пойыздар қатынайтын 3 платформа мен 6 пойыз жолы орналасады.