Бас прокуратура алимент төлемейтіндерге қарсы 30 қадам жобасын әзірледі
06.10.2016, 11:10

Бас прокуратура алимент төлемейтіндерге қарсы 30 қадам жобасын әзірледі

Бас Прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болды, деп хабарлайды BNews.kz.

 

Жиын барысында алиментті өндіруде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелері талқыланды.

Кеңеске Парламент Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің және Бас Прокуратура жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Консультативтік кеңес мүшелері, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.+

Отырыста алғаш сөз алған Бас прокурор осы мәселенің өзектілігін және теріс динамикасын атап өтті. Бүгін Қазақстанда 32 мыңға жуық бала мемлекеттік балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Олардың 70%-ы ата-анасы бар бола тұра жетім қалған. 4 млн отбасының әр 8-сі – толық емес, не әкесі жоқ, не шешесі жоқ.

5 жылдың ішінде 200 мың отбасы немесе әрбір үшінші неке бұзылған. Әр бесінші бала некесіз туған. 350 мыңнан астам бала өзін тастап кеткен ата-анасына ақшалай тәуелді болып отыр. Алимент бойынша қарыз 2 млрд теңгеге жуықтады.

Жақып Асановтың айтуынша, соңғы үш жылда 13 мың борышкердің құқығы шектелген. Дегенмен, бұл да олардың қарызды қайтаруына түрткі болмапты.

Сондықтан, Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірігіп, «Алименттер. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасын әзірледі. Оның мақсаты – балалардың пайдасына алименттерді өндірудің тиімді жүйесін құру.

Жобаны іске асыру аясында заңнамалық деңгейде алимент мөлшерін белгілеу тәртібін қайта қарау, мәжбүрлі жұмыс түріндегі жаңа қылмыстық жаза түрін енгізу, мемлекеттік қызмет түрлерін ала алмайтындай шектеуге байланысты шараларды арттыру ұсынылды.

Ұсынылып отырған шаралар баланың мүддесін қорғауға және борышкердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Неке бұзу процестерінде психолог-медиаторлардың қатысуын көздеу, бірлескен қамқорлық институттарын енгізу қаралды.

Енді борышкер өз баласына ақшалай алимент төлей алмаса, онда өз мүлкін беріп, қарызын өтей алады.

Жиын соңында Бас Прокуратура Әділет, Ішкі істер министрліктері, Жоғарғы Сот және басқа да мемлекеттік органдар алименттерді төлеу проблемаларын түбегейлі шешуге бағытталған 30 шараны бекітті.

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер