Халықаралық форумның мақсаты - Орталық Азияның тарихи діни мектебін дәріптеу арқылы діни сауаттылықты арттыру, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру, діни экстремизмнің кез-келген көрінісіне қарсы иммунитетті қалыптастыру, сондай-ақ 2018 жылы Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезіне ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
Форумға қатысушылар алдында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев құттықтау сөз сөйледі.
«Ислам діні татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні екенін әрдайым өз ісімен көрсетіп келеді. Бізге осы мұраны сақтап қалу өте маңызды. Халыққа діннің дәстүрлі қағидаларын дұрыс түсіндіру үшін Құран мен хадистерге негізделген білікті ғұламалар мен имамдарды жұмылдырып, бізге жеткен бай мұраларымызды қайта жаңғырту үшін жұмыс жасауымыз керек деп санаймын. Діннен, ең алдымен, рухани, моральдық, этикалық құндылықтарды алуымыз керек»-деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.
Форум жұмысына ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти - Серікбай қажы Ораз, Еуропа мен Орталық Азияның 21 елінен 35 делегат, атап айтқанда бас муфтилер, діни қайраткерлер, ислам ұйымдары мен одақтарының көшбасшылары, зиялы қауым өкілдері, жазушылар, теолог-ғалымдар, облыстардың бас имамдары қатысуда.
Форум қорытындысы бойынша «Бүгінгі мұсылман келбеті» құжаты қабылданып, форум қатысушыларының Қарары жарияланады.