«Қазір әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Бұл туралы молдалармен кездескенде де айтқанмын. Жақында жаңадан мүфти сайланды. Біз қазақстандықтар – зиялы елміз. Діннің мәселесі мемлекеттен бөлек тұрады. Дегенмен оны басқармай, қадағаламай болмайды. Сондықтан арнайы министрлік құрылды», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы дінді желеу етіп елге бүлік салғысы келгендерді қатаң қадағалау керек екенін айтып, діннің жұмысы мемлекеттің қолында болуы керек екенін атап өтті.
«Қара киім киіп, тұмшаланған қазақ тарихында ешуақытта болған жоқ. Әйелдердің бетін жауып, оларды екінші сортты адамдар деген ел емеспіз. Оны да қарауымыз керек. Сақалдары беліне түсіп, шортпенен жүрген ол да бізге жарамайды. Дінде ата-бабамыздан қалған өзіміздің жолымыз бар. Сол жолменен жүруіміз керек. Барлық мемлекеттерде діннің жұмысы мемлекеттің қолында. Нағыз мұсылманбыз деген араб елдерінің барлығында солай. Сондықтан біз де қадағалап отыруымыз керек. Қай дінге барамын десе ешкімге шектелу жоқ. Дегенмен елге бүлік салмауы керек. Басқа ағымға дінді бұрып әкетіп террористтер ішімізден шықпауы керек», деді Н.Назарбаев.
Қайнар көзі: egemen.kz