Кездесу барысында Нұрлан Ермекбаев дін саласында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясат туралы баяндап, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атады.
Қазақстан мен БАӘ көп жақты алаңдарда, соның ішінде БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы), ИЫҰ (Ислам ынтымақтастық ұйымы), АӨСШК-термен (Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес) тиімді ынтымақтастық орнатып, өзекті халықаралық мәселелерді шешуде бірлесіп әрекет етуді үйлестіруде.
Нұрлан Ермекбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Толеранттылық министрі Шейх Нахаян бен Мубарак Әл Нахаянды 2018 жылы 10-11 қазанда Астанада жоспарланған VI Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезіне қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, Н. Ермекбаев Әбу-Дабидегі ҚР Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен ҚР Тәуелсіздігі күні және Қазақстан мен БАӘ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына арналған ресми қабылдауға қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Абу-Дабиде өткен мұсылман қоғамында бейбітшілікті нығайту бойынша «Әлемдік бейбітшілік және Исламофобия» тақырыбындағы IV халықаралық форумға қатысты.