Қазақстандықтар арасында «Аламан бәйге», «Қазақ күресі», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Көкпар» бойынша жарыстар кеңінен танымал болуда.
Өз кезегінде қазақ күресі федерациясының басшысы Қанат Бозымбаев «Белдесу» ұлттық күресі жастарға патриоттық тәрбие берумен қатар еліміздің жаңа чемпиондарын ашуы мүмкін екенін айтты. Аттары аңызға айналған Қажымұқан, Балуан Шолақ сынды палуандар осындай сайыстарға қатысқан еді.
«Халық барысы» жобасының идеялық қолдаушысы Арман Шораев турнирге ниет білдіргендердің барлығы, соның ішінде 18-ден 50 жасқа дейінгі шетелдік спортшылар да қатыса алады деді. Жарыстың алдында барлық спортшылыр медициналық бақылаудан өтеді.
«Әрбір жекпе-жек 5 минутқа созылады. Егер палуанның біреуі жерге құласа немесе тізесімен, қолымен, денесінің өзге бөлігімен жерге тірелсе, жеңілген болып саналады. Есеп тең болса, онда 3 минут қосымша уақыт беріледі. Бұдан кейін де жеңімпаз анықталмаса, онда қатысушылар салмақ өлшеуден өтеді. Жеңіс салмағы ең төмен спортшыға беріледі», – деді Арман Шораев.
«Халық барысы» турнирінің ашылу салтанаты барысында көрермендер алдында «МузАртLIFE», Қайрат Нұртас, «Өркен», «Бозторғай» балалар хоры, Маржан Арапбаева, Ұшқын Жамалбек, Нұрболат Абдуллин, Әбдіжаппар Әлқожа, Мәдина Сәдуақасова, ҚР ҰҚК шекара училишесінің курсанттары және басқалары өнер көрсетті.
Дереккөз: baribar.kz