«Жол бойы арнайы алып шыққан құрт пен ірімшікті жедім. Құрт менің шөлімді басып, күш берді. Ол – кальций көзі. Дәрігерлер дәрілерді дайындады, бірақ, мен ішпедім», - дейді қария.
Әбілтай Шайхов Алматыдан 21 қыркүйекте шықты. Оның айтуынша, ірі қалалар оны жылы қарсы алыпты. Ал Астанада жаңбырға қарамастан, елордалықтар еліміздің бас алаңында күтіп алған.
«Жолда неше түрлі тосынсый болды. Жамбыл облысына барар жолда күш құрылымдарының бес полковнигі велосипедпен алдымнан шықты. 200 км бірге жүрдік. Негізінде, велосипед айдауды үш күнде үйрендім. Мамандар маған жүргізуді, отыруды және бастысы – дем алуды үйретті», - дейді Әбілтай Шайхов.