Боксшы өзінің Инстаграм парақшасына фотосын жариялап және жасалған ота туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, шеміршекті қалпына келтіру үшін тізенің артроскопиясы жасалған.
«3-4 аптадан кейін құлан-таза жазылып шығамын», - деп жазды Альварес. Ал мексикалық боксшының промоутері Эрик Гоместің айтуынша, Альварестің тізесінде ісік болған. Ота кезінде соны алып тастады.
«Бұл жарақат емес. Головкинге қарсы жекпе-жек өтпейтін болғаннан кейін ота жасауға шешім қабылданды. Әйтпесе, Саульдың мазасы кетіп жүрген. 5 мамырда реванш болған күнде де ол бокстасуға дайын еді. Тізесіне қатты зақым келмеген», - деді Гомес.
Айта кетейік, наурыздың басында Сауль Альварес "кленбутерол" атты допинг қолданғаны үшін айыпталды. Себебі ақпан айындағы екі сынамасы оң нәтиже көрсетті. Осыдан кейін АҚШ-тың Невада штатының атлетикалық комиссиясы оған жекпе-жектерге қатысуға тыйым салды. 18 сәуірде негізгі тыңдаулар өтеді. Сол кезде мексикалық боксшы допингті әдейі қолданбағанын дәлелдеуі тиіс. Тыңдаулар әлі өтпесе де, Сауль Альварестің командасы 5 мамыр күнгі реванштан бас тартты. Геннадий Головкин болса, осы күнге қарсылас таба алмай жүр.