Адамзат тарихындағы ер мен әйел арасындағы тұңғыш бокс жекпе-жегінде кім жеңді?
08.03.2018, 18:26

Адамзат тарихындағы ер мен әйел арасындағы тұңғыш бокс жекпе-жегінде кім жеңді?

1999 жылдың күзінде Американың Сиэтл қаласында дүниені дүр сілкінткен оқиға болды. 10 қазанда «ер мен әйелдің арасында алғашқы ресми аралас бокс жекпе-жегі» өтті. Бокспен айналысқанына біраз болған 36 жастағы Маргарет МакГрегор және рингке алғаш рет шыққан Лой Чоу былғары қолғап түйістірді. Бұл «сенсациялық» жекпе-жекте еш қиналмастан Маргарет жеңді. Бірақ, журналистер жар салғандай, бұл «бокс тарихындағы алғашқы жекпе-жек» емес еді. Аралас бокс оған дейін де өткізілгенін айта кету керек.

Халықтың қызу қолдауымен еркектермен былғары қолғап түйістірген сұлулар сонау 19 ғасырда да болған. Бірақ мұндай жекпе-жектер жәрмеңкелерде өтетін және спорттық жарыстан гөрі шоуға ұқсайтын. Бокс форматында алғаш ресми тіркелген аралас жекпе-жек Хелен Хилдрет пен Джонни Аткинсонның арасында өткен. «Жұдырықты бикеш» атанған Хелен қарсыласын рингтің бұрышына тықсырып алып, әбден соққының астына алған. Ұрысты полиция тоқтатқан (себебі ол кезде бокс жекпе-жегі, оның ішінде мұндай күмәнді жекпе-жек оң көзқарасқа ие бола қоймаған). Аткинсон рингтен өз аяғымен түскен, ал жеңіс Хилдрет ханымға берілген.

ХХ ғасырдың орта шенінде өткен тағы бір осындай кездесу Мерион Бермудестің жеңісімен аяқталған. 1975 жылы небәрі 23 жаста болған Мерион бірінші кезеңде-ақ Эдуард Паррасты нокаутқа жіберіп, Аризона штатының «Алтын қолғап» турнирінде жеңіске жеткен. Мерион Бермудеc - АҚШ аумағында ресми турнирде ер азаматты жеңген алғашқы бикеш.

Бойжеткен әбден күшіне енсе керек, ол тек бокс рингінде ғана емес, жекпе-жектің басқа түрлерінде де ер азаматтармен күш сынасқан. Атап айтқанда, Мерион кәсіпқойлар арасындағы кикбоксинг турнир кезінде ер азаматты жеңген алғашқы әйел атанған. Бермудес ханым одан басқа каратэ және дзюдо турнирлерінде де ер азаматтармен кездесіп, жеңіске жеткен «амазонка»! Жігіттер сұлуға кешірімді болды деп айта алмаймыз, Мерион ханымның да жеңілген, және жай емес, нокаутпен де жеңілген кездері болған.

1999 жылы Сиэтлдегі шайқас тым жарнамаланған шара болғанымен, оны да тарихтың бір парағы деп қарауға болады. Одан кейін 2000 жылдары ерлер мен әйелдердің рингтегі кездесулері жиі өте бастады. Мысалы, бокста да, кикбокста да өнер көрсетіп жүрген танымал спортшы Регина Халмих 2001 жылдың 22 наурызында германдық танымал телекомментатор Стефан Раабемен қолғап түйістірді. Стефан мырза кездесуге дейін Регинаның шамына ниетін біраз әзілдер айтқаны себеп болды ма, бикеш рингте қарап қалған жоқ, оның мұрнын сындырды және бесінші раундқа жеңіске жетті.

Бұл жекпе-жектің барысын жеті миллионнан астам телекөрермен тамашалағанын ескерсек, промоутерлер «алтын көмбенің» көзін тапқан сыңайлы. Сондықтан, бізді алда әлі талай аралас жекпе-жектер күтіп тұруы мүмкін.

© confederation.kz

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер