Жарнама мен делдалдың көмегімен екінші деңгейлі нарықтан бағасы қолайлы пәтер таптыңыз делік. Сатушымен келісіп, үйді көруге бармақсыз. Ең алдымен не нәрсеге мән беру қажет? Жаңа пәтерді мынадай 5 критерий бойынша тексеріп көрсеңіз болады.
Критерий | Мәселелер | Нені тексерген дұрыс? |
---|---|---|
Қабат | Бірінші қабатта — жертөленің дымқылдығы, көшеден келетін иіс пен шуды бақылап, ұрылардан сақтану шараларын жоспарлау керек. | Жертөлені, үй тұрған ауданды, үй ауласының тазалығын тексеріңіз. |
Ең жоғарғы қабатта — шатырдан су ағуы мүмкін | Шатырды қашан соңғы рет жөндеуден өткізгенін сұраңыз. Қабырғаларды қарап көріңіз, егер шатырдан жиі су ағатын болса дымқыл не судың ізі тұрады.
Су ағызып көріңіз — жоғарғы қабаттарда әдетте су ақырын ағады, не ыстық су жетпей, тек мұздай су ағады. |
|
Жарық | Оңтүстік | Жылы жақ. Бөлме гүлдеріңіз бен аквариумыңыз болса тұруға ыңғайлы. |
Солтүстік | Егер бөлме ішіндегі әлсіз қараңғылықты ұнатсаңыз қолайлы. | |
Батыс-шығыс | Таңертең және кешке күн барлық пәтерді жарықтандырып тұрады. | |
Қабаттағы пәтерлер саны | Төртеуден көп болғаны жаман | Шулы әрі тар болғандықтан, көршілермен сыйысып өмір сүруге тура келеді. |
Қабырға мен лифт | Қабырға мен лифт шахтасы жалғасып кеткені жаман | Лифттің жүргені пәтерге қалай әсер ететінін тексеріңіз, себебі кейде даусы қатты шығып, тыныштық бермеуі мүмкін. |
Көршілер | Көп болғаны жаман | Көршілер көп болған сайын пәтер шулы бола түседі. Мүмкіндік болса, қабырғалас, я қабаттас көршілердің шарапқа құмарлары бар-жоғын бақылаңыз. |
Өзіңіз тұратын ауданды тексеріп көріңіз
Пәтерді тек күндіз жақсы жарықта көру керек, себебі бөлменің қаншалықты жарық екенін сол кезде көруге болады. Кешкі қараңғылық бөлмедегі жарықтар мен кемшіліктерді көрсетпей қойғандықтан күн батқан соң пәтер көруге бармағаныңыз дұрыс.
Дұрысы, ұялы телефоныңызға барлық көрген кемшіліктерді түсіріп алыңыз. Барлық пәтерді аралап, алғашқы әсеріңіз басылған кезде кемшіліктерді салыстырып қарауға болады. Терезеден не көрінетініне мән беріңіз — қай бағытқа қарай шығады, алаңқайда не тұр? Егер балаңыз болса, балалардың ойын алаңы көрініп тұруы маңызды.
Пәтер бөлмелерінің орналасуы
Пәтердегі бөлмелердің орналасуын талғамыңызға байланысты таңдайсыз. Дегенмен, бөлмелері ыңғайлы орналасқан пәтерді қалай таңдағанда мыналарды ескеріңіз:
*Егер пәтер екі бөлмелі болса, бөлмелер бөлек орналасуы керек.
*Бір бөлмелі пәтер жарық болу керек.
*Бөлмелердің кіріп-шығу ыңғайлылығы, арасындағы дәліздердің кеңдігін қараңыз.
*Әжетхана мен жуынатын бөлме бөлек болғаны ыңғайлы, ал біріккені көп жерді алмайды. Өзіңізге не маңызды екеніне байланысты таңдаңыз.
Мамандардың кеңесі бойынша, отбасы үшін екі кең бөлмелі пәтерден гөрі, шағын, бірақ үш бөлмелі пәтер алған дұрыс. Бұл келешекте адам санына байланысты қайтадан көшіп жүрмес үшін дұрыс таңдау болуы мүмкін.
Пәтердің инфрақұрылымын қарап шығыңыз
Техникалық инфрақұрылым — жөндеудің ең қымбат бөлігі. Пәтердің төбесін көріп, электрсымдардың қалай орналасқанын сұраңыз да, сантехника мен жылыту құбырларының жайын сұраңыз. Вентиляция мен шусыздандыруды тексеруді де ұмыт қалдырмаңыз. Терезе мен бұрыштарға көз салыңыз: егер бөлме дымқыл болса, онда көгерген зең басып тұрады. Пәтер бұған дейін жалға беріліп келсе, үйде сатып алған соң кілтті ауыстыру қажет. Одан бөлек, пәтерде есептеуіш бар-жоғын, бар болса соңғы рет қашан тексерілгенін көріңіз.
Саудаласуға себептер
Алғалы жатқан пәтерде мынадай кемшіліктер болса, саудаласып, үйді төмен бағада алуыңызға болады.
*«Қауіпті аудан». Үй маңында бөтелке пен ине жатуы мүмкін. Ол пәтерді сатып алу-алмау өз еркіңізде. Бірақ осындай көршілер — бағаны түсіруге жақсы себеп бола алады.
*Қабырға суық әрі дымқылданған.
*Бұрышта орналасқан, не бірінші қабаттағы пәтер.
*Балкон ескі, қауіпті және әйнекпен жабылмаған болса, пәтерге келетін шаң мен шуды желеу етіп бағаны түсірсеңіз болады.
Аян ҚАЛМҰРАТ
Дерек көзі: 7kun.kz