Трамп Израильдегі АҚШ елшілігін Иерусалимге көшірмек
06.12.2017, 21:47

Трамп Израильдегі АҚШ елшілігін Иерусалимге көшірмек

Батыстың бірқатар басылымдары Ақ үйге сілтей отырып, бүгін Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде мойындап, елдегі АҚШ-тың елшілігін мемлекеттің қазіргі астанасы Тель-Авивтен Иерусалимге көшіретіндігі туралы мәлімдеме жасамақ деп хабарлады. Сарапшылар мен саясаткерлердің айтуынша, бұл өңірдегі шиеленісті одан әрі күрделендірмек. 

Иерусалим – ислам, христиан және иудаизм діндері үшін қасиетті қала. 1967 жылғы Алты күндік соғыс кезінде Израиль бұрын Иорданияның бақылауында болған Иерусалимнің шығыс бөлігін басып алып, оны өз территориясының ажырамас бөлігіне айналдырды. Ал палестиндіктер болса, Шығыс Иерусалимді болашақ мемлекеттерінің астанасы болады деп отыр. Осылайша, Иерусалимның заңды мәртебесі соңғы елу жылда Араб-Израиль шиеленісіндегі ең даулы мәселелердің біріне айналды.

1993 жылғы бейбітшілік келісіміне сәйкес, қаланың мәртебесі бейбітшілік келіссөздерінің келесі кезеңдерінде талқылануы тиіс болған. Израильдің Иерусалимге деген құқығын халықаралық қауымдастық мойындамады. Израильдің сенімдігі серігі АҚШ-пен қоса барлық мемлекеттер жағдайды ушықтырмау үшін өз өкілеттіліктерін Иерусалимнен 70 шақырымда орналасқан Тель-Авивтен ашты.

Дегенмен, 1995 жылы АҚШ Конгресі нақты қадамға барып, елшілікті Тель-Авивтен Иерусалимге көшіру туралы заң қабылдады. Алайда Президенттерге көшуді алты айға кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Сол кезден бастап әрбір алты ай сайын АҚШ Президенті елшілікті көшіруді жарты жылға созып келеді.

Д.Трамп сайлауалды науқан кезінде еврей қауымдастығының қолдауына ие болуы үшін елшілікті көшіруге уәде берген. Маусым айында АҚШ Президенті көшуді кейінге қалдырды. Осы дүйсенбі алты айлық мерзім аяқталып, Ақ үй басшысы тағы да шешім қабылдауы тиіс. Алдын ала хабарланғандай, бұл жолы Трамп мырза Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде ресми түрде мойындап, елшілікті көшіру мәселесін қозғамақ. Сарапшылардың айтуынша, бұл мәлімдеме АҚШ-тың Палестина мен Израильді татуластыруға бағытталған еңбегін жоққа шығармақ.

Washington Post жазғандай, АҚШ президенті сейсенбіде өңірдегі мүдделі елдердің басшыларына қоңырау шалып, өзінің шешімі жайлы алдын ала ескерткен. Палестина мен Египет президенттері Махмұд Аббас пен Әбдел Фаттах әл-Сиси және Сауд Арабиясы мен Иордания корольдері Салман бен Әбдел Әзиз бен ІІ Абдоллах Трамптың жоспарына қарсы шығып, мұның аймақтағы тұрақтылықты шайқап, жақын арада бейбітшілік орнату мүмкіндігін жоққа шығаратынын ескерткен.  Американың Еуропадағы Франция бастаған одақтастары да бұл шешімге қарсы екендіктерін білдірген. Дональд Трамп сөйлескен басшылардың ішінде ертеңгі мәлімдеменің мазмұнын тек Израильдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху ғана қолдап отыр. Қарсы реакциядан қауіптенген АҚШ Мемлекеттік департаменті сырттағы елшіліктерінің бәріне қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде хабарлама жіберді.

СNN хабарлағандай, Ақ үй өкілдері Америка елшігінің қай жерде орналасатыны бейбітшілік орнатуға әсер ете қоймайды деп санайды. Олар АҚШ-тың бұл «шындықты» мойындауға 22 жыл талпынып келетінін және бұл жолы уақыттың келгенін айтуда. Дегенмен, Ақ үйдің тыныс-тіршілігін жақсы білетіндер Трамп бұл қадамға өзінің саяси беделін көтеріп, консерваторлардың қолдауына ие болуы үшін барғалы отыр дейді.  

Иерусалимді Израиль астанасы ретінде мойындаудың салдары қандай?

1967 жылдан бері Израиль Шығыс Иерусалимде ондаған шағын аудан салып, бүгінде онда шамамен 200 мың израильдік тұрып жатыр. Халықаралық құқық нормаларына сәйкес, израильдіктердің ол жерлерде үй салып, орнығуы заңсыз. Алайда Израиль мұнымен келіспейді. BBC-дің жазуынша, АҚШ-тың Иерусалимді Израиль астанасы ретінде мойындауы халықаралық қауымдастықта шиеленіс тудырып, Израильдің шығыс Иерусалимдегі қонысты заңдастыру бойынша ұстанымын күшейтпек.

Сонымен қатар, АҚШ-тың бұл қадамы өңірдегі терроризм мен экстремизмнің күшеюіне әкелуі мүмкін. Радикалды ұйымдар жаңа интифада жариялап, бар күшін террористік шабуылдарға жұмсауы мүмкін. Шиеленістің жаңа қарқынмен күш алуына мұсылман мемлекеттерімен қатар, Еуропа елдері де мүдделі емес. Өйткені қазіргі таңда кәрі құрлыққа осы өңірден шыққан азаматтар көптеп ағылуда. Бұл соңғы жылдарда жиі тіркеліп отырған террористік шабуылдардың еселенуі түрткі болуы әбден мүмкін.

Дархан ӨМІРБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер