Бабаларымыз әлемді төңкерген, бірақ, аяғын аспаннан келтірмеген...
16.10.2017, 20:19

Бабаларымыз әлемді төңкерген, бірақ, аяғын аспаннан келтірмеген...

Қазіргі таңда қолданыстағы әлем картасын стандарт ретінде кім бекітті? Бәріміз оны осы қалыпта, дәл осынау географиялық сықпытта көріп, түсініп, дүниетаным кординаты ретінде тануға дағдыланғанбыз. Дәлірегі, ондағы орталық бөлікте Еуропа орналасқан, оң жақта - Азия, сол жақта – Америка орын тепкен. Жоғарыда – солтүстік, ал төменде – оңтүстік. Баршамыз да осы, мейлі ол саяси болсын, физикалық болсын, қолжетімдік карталар арқылы планетамыздың бөліктері хақында білім алдық, ұлы ашылулар шежіресіне қанықтық.

Неге дәл осылай болуға тиіс, неге бұлайша қалыптасты, неге басқаша емес? Жер дегеніміз дөңгелек шар тәрізді. Және де мынау – асты, анау – үсті дейтіндей тұрақты бір бағдар аларлық белгі жоқ. Галактикалық тұрғыда, жоғары төмен деген де далбаса. Осы кезге дейін атақты географ ғалымдарымыздың да бұған қатысты пікір білдіргенін естімеппіз. Бірақ мұның да өз түсіндірмесі бар екен. Бұл шара, бір сөзбен айтқанда, шығыстық түсінік бойынша әлемнің аяғын аспаннан келтіру операциясы жүздеген жыл бұрын еуропалық басымдық екпінімен атқарылған көрінеді. Оған дейін, көптеген тарихи деректерге үңілсек, карталардың жоғарғы жағы шығыс та, төменгі жағы батыс болыпты. Айталық, Арабияда оңтүстік күні кешеге дейін жоғарғы жақ болып есептеліп келген. Інжіл дәуірінде де шығыс жоғарыда көрсетілген. Мұны діншіл батыс ғалымдарының дені мойындайды. Керек десеңіз, ортағасырлық еуропалықтар да осы пікірде болған. Қытайлар да компос ойлап тапқанда, оның тілшесі оңтүстікті көрсеткесін, жоғарғы жақты оңтүстік деп шешкен. Әділетінше, ол шақтағы карталардың бәрі сондай есеппен жасалатын болған-дүр. Ежелгі өркениеттердің отаны Үндістанда да әлмисақтан шығыс жоғарғы жақ деп түсінілген.

Әрине, еуропалықтар отты қару ойлап табылған сәттен және де теңізде жүзу әдістерін жетілдірген 14-15 ғасырлардан бастап жаһанның бірте-бірте қожасына айналды. Бүкіл жер шарында әлемдік колониялар торын құрып, өздерін жиһанкез кейпінде сомдады. Бұл жерде сірә, римдіктердің көне тәмсілі: «жеңімпаз өз тәртібін орнатады» деген қағида жатса керек. Бүгінгі әлем картасы да бір жағынан  жеңушілердің өзіндік тәртібі, әлемді түсіну инстанциясы,  өздерін әлемнің орталығы ретінде белгілеген еуроцентризм көрінісі. Қала берді, мұнда символдық мәнде «Еуропа әлемнің орталығы» деген идея жатыр. Шығыстың төменде, батыстың жоғарыда тұруында да психологиялық үстемдік, бейсаналық арнада жасалып жатқан үздіксіз шабуыл бар. Осы жерде «әлемнің жүрегі» деген геосаяси түсінік те қылаң беріп қалады. Яғни «жүрек» қайсы мағынасында да ең аяулы, жоғарғы деңгейде орналасқан жүйе. Рас, қандас түркі жұрты Түркияның да өзінің орналасу ендігіне орай «жаһан жүрегіміз» дейтінін білеміз. Бұл жағынан Ресей де ешкімнен қалыс қалмайды. Ол да өзінше «ғалам жүрегі».  Мұның бәрі не үшін?

Ең әуелі, әлемнің орталығы болу – геосаяси экспансияғы стимул болмақ. Яки «жаһан алдында тәңірі артқан  ерекше миссиямыз бар» деген халықтық бағдарламаға берік тұғыр, өрлеулі ұлттық идеяға айшықты өзек. Тек соған өзін де, өзгені де сендіре білсе болғаны. Өз кезегінде бұл үрдісті біздің ата-бабаларымыз да төбесіне тұтқан. Дәстүрлі түркілік дүниетанымда адамның жаратылуы әлемнің орталығында жүзеге асқан. Мысалы, Месопотамия мәдениетінде адам Жер жүзі мен Көк арасындағы «көпірдің» орналасқан жері – «жердің кіндігі-Жерұйықта» дүниеге келген. Осы символдық бейнелеулер түркілік космологияның да негізгі ұстыны болып табылады. Негізінен, ескі түркі космологиясы А.Құлсариева,  Ж.Сүлейменова  сынды отандық мәдениеттанушылардың дәлеліне сүйенсек, «Жерұйық» концепциясы негізінде қалыптасқан. Ол түсінік бойынша, түркі мемлекеті, түркі ордасы дүниенің төрт бұрышының түйіскен жерінде, яғни дәл орталығында, әлемнің кіндігінде орналасқан. Әлемнің кіндігі – Жерұйық ең алғашқы құдайлық бастаманың, яғни адамның жаратылыс негізі болғандықтан да киелі.  Ал қазіргі еуропаорталықты әлем картасы сондай бір сендірудің батыстық нұсқада шебер жүзеге асқандығын білдіреді. Бірақ, өзін бүкіл аспан астының қожайыны санайтын Қытай тарабы соңғы кезеңде ондай шапанды өзінің қуаттана бастауына орай серпіп тастайтын секілді. Ежелден  Шың елі өзін әлемнің түп қазығы санайды. Бұл дәстүрлі, тамыры мыңдаған жылдықтарда жатқан геосаяси таным. Айта кететін бір жайт, бұл үдерістер Збигнева Бжезинскийдің айта беретін билік орталықтарының батыстан шығысқа көшуі жағдаятында жаңа трансформацияларға мықты алғышарт болып тұр. Және де бұл дүниетанымдық, саналық деңгейде де жүріп жатқан өзгеріс.

Жапонияға бара қалсаңыз, ол жақтан оңтүстік – жоғарыда, солтүстік – төменде көрсетілген, картаның әлемдік кіндік ауданы Қытай-Индонезия-Австралия шеңберінде бейнеленген карталар топтамасын көруге болады. Ал өзге құрлықтардың бәрі периферия аймағында жатыр. Дәл осындай үлгіні соңғы кездері австралиялықтар да тәжірибеден өткізуде. Ол картада әлемнің ортасы - Австралия. Африкалақтар да қарап жатпай, бейресми түрде әлемнің географиясын түсінудің өзіндік түрін ұсына бастаған. Африкалық нұсқадағы әлемнің кіндігі – қара құрлық.  Ендеше, алыс-жақын шетелдерге сапарлайтын болсаңыз, үйреншікті картаны алмай, олардың жергілікті баламаларын алып, адасып кету қаупі жоғары. Себебі дәстүрлі емес карталар туристік аймақтарда өзіндік экзотикалық мазмұнымен тұтынушыларды тартып, бизнестің аялы қамқорлығына алына бастады.

Геосаясат – бұл деген ең алдымен география. Ал бүгінгі жағрафиялық дүниетаным моделін Еуропа қалыптастырған, ол – Еуропа нақыштаған шекте, Париж бен Лондоннан, Римнен қараған контурлық ракурстағы  тұғырнамалық призмаға негізделген. Демек, ондағы төреші де солар деген сөз. Ол шеңберде, соның ережесімен, соның бекіткен тәртібімен ойын ойнаймыз. Ұтатын тұстарымыз да бар шығар, бірақ ұтылатанымыз да көп.  Бүгінгі әлем схемасында Еуроатлантика өркениетінен өзге аумақтар шеткері аймақ есепті. Ал шеткері провинцияларга ежелден тиген үлес – орталықтардың талғамымен өмір сүріп, орталықтың «ақ дегенін алғыс» деп, «қара дегенін қарғыс» деп, қамыт киіп өту.

Осы орайда бір айта кетерлігі, әлде ғажабы дейміз бе, әлем картасы көрпесін өзіне кім, қалай тартса да, біз, орталық өңірдің өзі, орталыққа жақын нүкте немесе маңайы болып қала береді екенбіз. Сірә, бұл да құдайдың бізге беріп отырған сыры беймәлім нығметі. Бұл әзірше географиялық түсінік. Оны бір замандарда әлем сахынасында алп-алп басқан алпауыт аталарымыз әскери-биліктік ұғымға бірнеше рет айналдыра білді. Өз кезегімізде біздер – модерндік түркі ұрқы, ұшқан бақты қайта қондырып,  осынау жеркіндіктік платформаны қайтара саяси түсінікке айналдыра аламыз ба? Батыс пен шығысқа теңдей қанат жайған ғұндар империясы, Түрік қағанаты, Алтын Ордаша бастысын иілдіріп, тізелісін бүгілдіріп, әлемнің тағдырын шешетін шешімдер Ұлы Дала төсінен шыға ала ма?

Иә, қалай десе де, әлемді Еділ болып ентіктіріп, Шыңғыс болып сілкіндірген бабаларымыз өз заманаларында тітіретті. Бірақ, баз бір орыс ғалымдары жазып жүргендей, әлемнің аяғын аспаннан келтірмеген. Қайта батыс пен шығыстың бір мемлекеттердің астында табысып, мәдени сұхбаттасуына жол ашқан, сөйтіп, заманауи техногендік өркениеттің негізін қалаған. Еуропалық шапқыншылықтың Азиялық шапқыншылықтан бір айырмасы осы болса керек. Еуропалық басқыншылық жалпы, шығыстық дүниетанымды төңкеріп тастады. Ал осы төңкерілген қасиетті қазанды қайта оңғартатын қайсы байтақ? Не де болса сол ел – Қытай да емес, Иран да емес, араб та емес, қазақтың Қазақстаны болса екен.

«Егер жағрафиялық картаға қарасақ, Астанадан әлем Вена, Париж және Вашингтоннан қарағандай көрінбейді» деп қалды кезінде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммитінде лауазымды қонақтың бірі. Яғни, мәселеге басқаша масштабта қарауға мүмкіндік береді деген сөз. Өткенде ғана Сирия проблемасына арналған бас қосуларда да осыған ұқсаған лепестер айтылмай қалмады.

Жалпы, Еуропа мен Азияның түйіскен жеріндегі Республикамыздың бұл да әлемді өзгертуге әлеуетті бір қырының кезекті рет танылғандығы демеске лаж жоқ. Бүгінде әлемдік түйіткілдер мен аймақтық кикілжіңдерді шешуге тың көзқарас, оларды қарастырудың соны ракурсы жетіспейді. Ал еліміз бұл жағынан да әлі тыңайған далаларымыздай тың жатыр.

Қалай десе де, дүниетаным төңкерісі келе жатыр. Дүниетанымымыз оңғарылса, карта да қайда барады дейсіз.

Бәріне уақыт төреші...

 

Ерболат Мамырайхан

Дерек көзі: e-history.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер