Қытайда қыздар арасында ұйымдастырылған қайталанбас ерекше өнер сайысында 24 жастағы Лю Тэн есімді қыз бала жұртшылықты өзінің ғажайып «майысқақтығымен» ерекше таңқалдырды, деп жазады "Айқын" газеті.
Ол дүние жүзінің жүзден астам елінің өкілдері қатысқан осы сайыста өзінің күнделікті киімімен денені «майыстырып» икемге келтіру өнерінің небір түрлерін қырық құбылып жасады. Бірде ол биік өкшелі туфлимен алақандай үстелдің үстіне бір аяғымен тік тұрып, ернін бояса, енді бірде «майыстырған» екі аяғын иығынан асырып жіберіп, басын аяқтарының арасынан шығарып, («бақа» трюгі) бетіне еш қиналмастан емін-еркін опа-далап жағып жатты. Қытай қызының мұндай ептілігіне тәнті болған көрермендер оған ықылас-рахметін сан мәрте дуылдата қол соғып, білдірді. Одан әрі Лю Тэн диванның үстіне бір аяғын ұзынынан созып жантая жатып, екінші аяғын мойнынан асырып басына қойды. Ол енді бір сәт әлгі үстелдің үстінде гимнастикалық шпагат жасап, бір аяғын қолымен кері қайырып алып, тағы да еш қамсыз боянды. Енді бір уақыт оң аяғын тізесіне дейін тіп-тік көтеріп, жұртшылықты таң тамаша қалдырды. Сөйтіп, 24 жастағы майысқақ қыз көрермендермен қоштасар сәтте диванның үстіне шығып, екі аяғымен тізерлей отырып, кеудесі мен басын кері қарай бұрып әкеліп «қорап» трюгін жасап, өзінің әлемдегі №1майысқақ қыз екендігін нақты дәлелдеді.