Енді Астана тұрғындары бір билеттің құнымен 60 минуттың ішінде бірнеше қоғамдық көлікпен жүре алады. Жолақы төлеудің электронды жүйесін пайдалану үшін ең алдымен көлік карталарын сатып алу керек. Оларды мынадай терминалдан алуға болады.
Алдымен «Сатып алуды» басасыз, растайсыз, содан кейін мына жерге ақшаңызды саласыз. Қайтарым ақша мына жерден шығады. Карта шыққан соң, біз тарифтік жоспарды таңдауымыз керек. 900 теңгеге сіз 11 мәрте автобуспен жүре аласыз. Таңдаймыз, растаймыз, кейін ақшаны тағы да саласыз. Қайтарым ақша шығады. Ал тарифтік жоспар толтырылады.
Мұндай терминалдар Астана бойынша 14 жерде орналасқан. Олардың дені сауда үйлерінің ішінде. Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар мен зейнеткерлер үшін көлік карталары тегін таратылады. Ал оқушылар 50% жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігіне ие.
Сергей Попов, «Астана Lrt» компаниясы төлемдер жүйесі орталығының жетекшісі:
- Бонустар бар. Біріншіден, 10 билет алсаңыз, 11-сі тегін. Екіншіден, 1 сағатта бір автобустан екіншісіне ақысыз отыруға болады. Яғни, баратын жеріңізге дейін 60 минуттың ішінде бірнеше көлік ауыстыруға мүмкіндігіңіз бар. Есесіне ол үшін ақша төлемейсіз. Автобус ішінде электрондық төлемдер мынадай терминалдың көмегімен жүзеге асырылады. Ал егер қолма-қол ақшамен төлеймін десеңіз, жүргізуші билетті арнайы құрылғы арқылы шығарып береді. Картаңыздағы теңгерімді де осында толтыруға болады.
Қажығали Өсербаев, жүргізуші:
- Мына жерде аппарат арқылы диспетчермен тікелей байналысқа шыға аламыз. Диспетчер өзі айтып отырады, уақытпен келе жатырмыз ба, қалып бара жатырмыз ба, ерте келе жатырмыз ба. Оңай өте. Кез келген жағынан тиімді тұстары көп. Автобус қозғалысының аралық уақытын реттеп, қоғамдық көліктің жылдамдығын бақылайтын бірыңғай диспетчерлік жүйе енгізілмек. Қазірдің өзінде аялдамаларда мынадай ақпараттық табло қойылды. Мұнда автобустардың неше минуттан кейін келетіні көрсетіледі.
Авторлары: Ж.Біркенов және Е.Зайытхан