Облысымыздағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 20 928,9 шақырымды құрайды. Оның 837 шақырымы республикалық, 4261,2 шақырымы облыстық, 1 642,7 шақырымы аудандық маңызы бар. Бір ғана Шымкент қаласының өзіндегі көшелердің ұзындығы 2810,9 шақырымға жетеді.
Өткен жыл соңында жөндеу жұмыстары жүргізілген 51 нысанның 22-сі пайдалануға берілсе, қалған 29-ы 2018 жылға өтпелі болып отыр. 2016-2017 жылдар аралығын салыстыратын болсақ, автомобиль жолдары саласында барлық көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Атап айтқанда, нысан саны – 147,4 пайызға, шақырым ұзындығы – 158,5 пайызға, қаралған қаржы көлемі – 106,5 пайызға ұлғайған.
Өңір аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 410 көпір бар. Оның 291-ы қанағаттанарлық жағдайда болса, 119 көпір жөндеуді қажет етеді. 2017 жылы соның 19-ы күрделі жөндеуден өткен. Оған қоса, 24 көпірде құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті құжаттама әзірленуде. Қалған 77 көпір кезең-кезеңімен тиісті құжаттар әзірленіп, қалпына келтірілетін болады.
Айта кетейік, көпірлерді техникалық күтіп- ұстау жұмыстармен «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық мекемесі айналысады.