Осылайша, Тәуелсіздік күніне орай Оңтүстік Қазақстан облысында көпқабатты 19 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1 мыңнан астам адам баспаналы болды. Сонымен бірге осы күндері жалпы облыста 15 балабақша мен 3 мектеп және 11 ФАП, 9 мал дәрігерлік бекеті, 5 спорт алаңшасы ел игілігіне ұсынылды. Мереке қарсаңында өңірде 9 аллея мен қақпа, 7 елді мекенге инфрақұрылым жүргізіліп, бірқатар елді мекендерге абаттандыру жұмыстары атқарылды. Мұнан бөлек, 1 көпір, 10 ойын алаңшасы мен 4 мәдениет үйі қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, 700-ге жуық тұрғыны бар елді мекенге ауыз су құбыры қосылып, үш кəсіпорын және тағы басқа да нысандар ашылды.
Тарқатып айтсақ, Төле би ауданында халық игілігіне жаңадан 5 қабатты 8 тұрғын үй пайдалануға берілді. Көп қабатты тұрғын үйдегі пәтер кілтін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша төлебилік 480 отбасы алды. Ал осы күні Ақтас елді мекенінде бір мезетте 50 адамды қабылдап, саумалмен емдеуге қауқарлы өңірдегі бірегей жобалардың бірі болып табылатын «Ақкен-Саумал» емдік-сауықтыру орталығы ашылды.
Мереке қарсаңында оңтүстікқазақстандықтар Шымкент қаласында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің бірқатарына қоныстанып, 558 отбасы қоныс тойын тойлады. Нұрсәт шағын ауданында салынған көпқабатты 11 тұрғын үй «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының екінші бағыты бойынша іске асты. Бұдан бөлек, осы күні қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығында заман талабына сай жабдықталған жаңа 1200 орындық мектеп пайдалануға берілсе, «Абай» саябағында елімізде алғаш рет Медицина қызметкерлерінің аллеясы ашылды. Мұнда қазақтың алғашқы шипагері, халқымызға өшпес мұра қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мүсіні мен Қазақстан Республикасы дәрігерлерінің антынан үзінді және өзгені құтқарамын деп өз жанын пида еткен медицина қызметкерлеріне арналған тақтайша орнатылды. Сондай-ақ, Шымкентте орналасқан №104 жалпы орта мектебі жанынан 300 орындық қосымша ғимарат оқушыларға есігін ашты.
Жаңа нысандар – жақсы нышандар екенін алға қойған жергілікті билік теріскейлік тұрғындарға егемендік күніне тарту есебінде жаңа 6 нысанды ел игілігіне ұсынды. Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында тәуелсіздік саябағы салтанатты түрде ашылды. Мұнда тәуелсіздікті айшықтайтын монумент пен 30 метрлік тұғырда көк байрақ ортанытылған. Бұдан бөлек, ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында екі бірдей балабақша жұмысын бастады. Олар, Шолаққорған ауылындағы 75 балаға шақталған «Асыл-Ай» бөбекжай-балабақшасы мен Созақ ауылдық округіндегі қос қабатты 100 орындық «Айдын» балабақшасы. Осы күні, бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудандағы Шолаққорған, Тасты, Құмкент ауылдарында спорт алаңшалары тұрғындардың қолданысына берілді. Жаңадан ашылған спорт нысандар уран өндіретін «Инкай» ЖШС-нің демеушілігімен салынып отыр.
Мерекелік той-думан Отырар ауданындағы 20 нысанның ашылуымен ерекшеленді. Мұнда Балтакөл ауылдық округіне бас қақпа орнатылып, аталған ауылда тары-талқан өңдейтін 2 цех өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, ауданда жаңадан 9 бірдей мал дәрігерлік бекеті мен 3 фельдшерлік-акушерлік тірек пен бірқатар сауда орталықтары және 1 көпірдің құрылысы аяқталды.
Еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында Сарыағаш ауданында әлеуметтік және коммуналдық 11 нысан тапсырылды. Оның ішінде 6 ғимарат мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген балабақша болса, 150 балаға шақталған мектеп пен отбасылық дәрігерлік амбулатория, екі спорт алаңшасы ашылып, бір елді мекенде аббаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Ұлы күнді ұлықтау тойында Түлкібас ауданында 13 жаңа нысан xалықтың қуанышына айналды. Барша қазақстандықтар секілді 110 мың халқы бар Түлкібас жұрты ең ұлық мерекені жаңадан бой көтерген екі медициналық нысан мен бір балабақшаның ашылуымен бастады. Сондай-ақ, ауданда ардагерлерге арналған аллея мен демалыс орны және стела бой көтерді. Осы күні түлкібастықтарға күрделі жөндеуден өткен 4 мәдениет үйі мен екі ауылға қайта жөндеуден өткен ауыз су құбыры тапсырылды. Сонымен қатар, Шақпақ ауыл округінде облыстың тарихын танытатын стела ашылды. Бұл қақпа Жамбыл облысымен шекаралас аумақта орналасып отыр.
Айтулы мерекеде, Түркістан қаласында 3 нысан іске қосылды. Мәселен, қаладағы идустриалды аймақта жылына үш мың дана жұмсақ жиһаз шығаратын «Cordial Turkestan» ЖШС-гі жұмысын бастаса, Отырар мөлтек ауданында 90 балаға шақталған жекеменшік «Индира» балабақшасы есігін айқара ашты. Сондай-ақ, киелі қалада «Түркі бағы» аллеясы орталықтың ажарын аша түсті.
Азат күнді тойлау кезінде Арсы қаласында 8 нысан пайдалануға берілді. Онда елді мекен тұрғындарына қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «Қазпочта» АҚ бөлімшесі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 75 балаға шақталған «Ұлбала», 100 бүлдіршінге лайықталған «Бағлан» және 360 орындық «Лидер» балабақшалары ашылса, «Отырар», «Наурыз», «Оңтүстік» тұрғын аудандарында 28,10 шақырым жол мен 74,4 шақырым болатын су жүйелерінің құрылысы жүргізілді. Осылайша, аталған шағын ауданның тұрғындары инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.
Мақтарал ауданында да ел мерекесі айқын сезілді. Мереке күндері ауданда жаңадан салынған 8 нысан ел игілігіне берілді. Мәселен, төрт елді мекенде фельдшерлік акушерлік бекет пен екі ауылда дәрігерлік амбулатория ашылса, Мақталы және Қарақай ауылдық округтерінің әкімі аппаратының жаңа ғимаратының ленталары қиылды.
Ал Кентау қаласында Тәуелсіздік күніне орай 14 нысанның ашылу салтанаты өтті. Оның бірі С.Қожанов атындағы орталық саябақ болса, кейінгілері «Болашақ», «Батыс» және Жұлдыз» мөлтекаудандарының инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында орналасқан балалар мен жасөспірімдерге арналған 10 ойын алаңшасы жөндеуден өтті .
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шағалалы Шардарада 900 орындық мектеп ашылса, Ордабасы ауданында екі жекеменшік балабақша балғындарды қуантты. Еліміздің егемендігі күні Бәйдібек ауданындағы Жарықбас елді мекеніндегі 700-ге жуық тұрғын таза сумен қамтамасыз етілді. Бұл аудан тұрғындары үшін көптен күткен игілікті іс болды.