ЭКСПО-2017 отандық өнімдерді насихаттауға тамаша мүмкіндік - Римма Тәжібаева
12.06.2017, 11:13

ЭКСПО-2017 отандық өнімдерді насихаттауға тамаша мүмкіндік - Римма Тәжібаева

Көптен күткен «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де, Астанаға ағылып келген туристердің санында шек жоқ. Осы орайда шетелдік қонақтар көп іздейтін ұлттық бұйымдарымыздың насихаты қай деңгейде деген сұрақ туындайды. ҚазАқпарат тілшісі тек қана отандық тауарлар сатылатын «Халық маркасы» павильонында қонақ болып қайтты.

«ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында туристерге ыңғайлы болу үшін Астананың сол жағалауына, үш қабатты жаңа ғимаратқа көштік, - дейді «Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау федерациясының президенті  Римма Тәжібаева. - Оның бір қабатына «ЭКСПО-2017» белгісі басылған кәдейсыйлар, магниттер, спорттық киімдер, ойыншықтар, кеңсе заттары сынды көпшілік тұтынатын заттарды қойдық. Екінші қабаттан қазақстандық дизайнерлер тіккен киімдер, зергерлік бұйымдар, тері өнімдері, бесік, сандық, төсек жабдықтары, тіпті, отандық косметикаларды да табуға болады. Тағы бір қабат отандық азық-түлік заттарына арналған. Онда құрт-май, ірімшік, ет тағамдарының дәмін татып көріп, сол мезетте сатып алуға болады. Ұлттық брендтердің басын қосқан бұл павильонның бір артықшылығы - отандық тауар өндірушілерден тікелей жеткізіледі және тауарға үстеме баға қосылмайды. «Кез келген отандық өнім біздің сөреде үш ай тегін тұрады. Үш айда халық оң пікір білдірсе, тауар сұранысқа көптеп ие болса, келісімшарт бекітіп, ақылы түрде ынтымақтастық орнатамыз», - деп түсіндірді федерация басшысы.

Сондай-ақ, павильонда қызмет көрсету сапасына ерекше мән берілгент екен. Ондағы қызметкерлерге қазақтың ұлттық киімімен жүру мен келушіні «Қош келдіңіз!» деп күлімдеп қарсы алу міндеттелген. «Келушіге қызмет көрсету сапасы өте жоғары болу керек. Табыстың ең үлкен сыры осында жатыр. Астанаға келген шетелдіктерді зәулім ғимараттармен, гамбургер, кока-коламен таң қалдыра алмаймыз. Олар біздің ұлттық ерекшелігімізді іздеп келеді. Павильонға келген әрбір адам қазақтың киімін киіп, тағамын татып, әсем бұйымдарын көріп, шын мәнінде Қазақстанда жүргенін сезінетін болады», - дейді Римма Данабайқызы. «Біздің басты мақсатымыз шетте сұранысқа ие болады-ау деген Қазақстанның сапалы өнімдерін жинақтап, оларды экспортқа шығару, - деп сөзін жалғады Р.Тәжібаева. - Сол себепті, Ақтау әуежайындағы «Duty free» желісімен келісімшарт жасастық. Ақтауды таңдаған себебіміз - қаланың ұтымды жерде орналасуы. Ақтау арқылы тауарларды 25 мемлекетке экспорттауға болады. Әзербайжан, Араб елдері, Түркиямен байланыс орнатуға болады». Павильон иесі халықтың ұлттық бұйымдарға шөлдеп отырғанын, отандық өнімдерге деген сұраныстың жоғары екенін баса айтты. «Жасыратыны жоқ, халық ұлттық сипаттағы бұйымдарды, киімдерді алғысы келеді, бірақ олардың бағасы аспандап тұр. Мұның басты себебі - бәсекенің болмауы. Бәсеке көбейгенде ғана, тауар халыққа қолжетімді бола түседі», - деп, Римма Тәжібаева ЭКСПО-2017 көрмесінің отандық өнімдерді насихаттауға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. «ЭКСПО-2017 көрмесіне сансыз көп қонақтар келеді, бұл ұлттық ерекшелігімізді көрсетуге, өзімізді танытуға, отандық өнімдерді насихаттауға тамаша мүмкіндік», - деді ол. ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталған соң, «Халық маркасы» федерациясы Қазақстанның үздік 100 брендін марапаттап, «Miss Kazakhstan - Made in Kazakhstan» сұлулық байқауын өткізбек.   

 

Айжан Серікжанқызы

Дерек көзі: inform.kz

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер