Байқаудың құрылтайшысы және ұйымдастырушысы «Халық маркасы» Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ЗТБ президенті Римма Тәжібаева аталған конкурстың отандық өндірушілердің беделін арттыру арқылы төл нарығымызды қалыптастыру және халық арасында отандық өнімді насихаттау үшін БАҚ өкілдерінің күшін біріктіруге қол жеткізгенін атап өтті.
«Біз қашаннан бері отандық өнімдердің шетелдікінен артық болмаса, бір де кем еместігін айтып келеміз. Бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда, сапасы мен пайдалы қасиеттері, дизайны жағынан айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Алайда, өз тауарларымыздың артықшылықтарын насихаттау жағы кемшін қалып келеді. Бұл байқауды ұйымдастырғанда да, осы олқылықтың орынын толтырып, журналистер қауымын жұмылдыруды көздедік. Біз сол міндеттің үдесінен шықтық деп ойлаймын. Яғни журналистер арасынан қызығушылық толқынын тудыра алдық», - деді ол.
Барлығы байқауға 200-ге жуық қатысушы бақ сынауға тілек білдірген. Олардың денін 18 бен 29 жас аралығындағы жастар құрап отыр. Пайыздық тұрғыдан алғанда, қазақ тілді ортаның, сондай-ақ, блогерлер мен интернет журналистерінің белсенділігі қатты байқалуда. Қатысушылары ең көп аймақтар ретінде Астана мен Алматы қалаларын және Қарағанды облысын атауға болады.
Байқаудың негізгі бөлімі, атап айтқанда, бұған дейін жарияланған баспасөз (газеттер, журналдар), радио, теледидар, интернет – БАҚ (оның ішінде, жаңалықтар агенттіктері), әлеуметтік Медиа (блогерлер), шетелдік БАҚ номинацияларының иегерлерін анықтау және бас жеңімпазға арналған басты жүлде –автокөлікті табыстау рәсімі наурыз мейрамын тойлау барысында Мәскеу қаласындағы Қазақстан павильонында өткізіледі деп жоспарлануда. Аталған орын Қазақстан Республикасына экспортты дамыту бойынша Еуразиялық Іскери Одақ-ЭКСПО көрмесінде ашылған болатын.
Ағымдағы уақытта «Халық маркасы» Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ЗТБ мен Қазақстан Республикасына экспортты дамыту бойынша Еуразиялық Іскери Одақ арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімшартқа отыру бойынша әзірлік жұмыстары жүргізілуде.
Тағы бір айта кетерлік жайт, а.ж. 8 наурызда «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында Астана аумағында «Ұлы дала» қазақстандық тауарлар павильоны ашылады. Онда халық маркасы сертификатына ие болған 100 үздік отандық брендтің өнімдері шетелдік туристер назарына ұсынылмақ.
Өңірлік жеңімпаздар есімдері мен байқау аясында сапарлайтын елдердің тізбесі:
«Самғау» ұлттық байқауының Астана қаласы бойынша номинациясының иегерлері – «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің тілшісі Арнұр Асқаров (Грузия) пен Bag.kz порталының журналисті Дәулет Жиенқұлов (БАӘ).
«Самғау» ұлттық байқауының Алматы қаласы бойынша номинациясының иегерлері – блогер Вера Ляховская (Қытай) мен Nur.kz порталының шығарушы редакторы Ақырыс Сейтқазы (Үндістан).
«Самғау» ұлттық байқауының Акмола облысы бойынша номинациясының иегері –
«Қазақстан» РТРК Ақмола облыстық филиалы, Қазақстан-Көкшетау телеарнасының жүргізуші-редакторы Раушан Сайлауқызы (Ресей Федерациясы).
«Самғау» ұлттық байқауының Алматы облысы бойынша номинациясының иегері –«Bnews.kz» ақпарат агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Хасан Еспанов (Әзербайжан).
«Самғау» ұлттық байқауының Қарағанды облысы бойынша номинациясының иегері – Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы жауапты хатшысының орынбасары Нұрқанат Қанафин (Украйна).
«Самғау» ұлттық байқауының Маңғыстау облысы бойынша номинациясының иегері – «Маңғыстау» газетінің тілшісі Валентина Қозыбақова (Түркия).
«Самғау» ұлттық байқауының Жамбыл облысы бойынша номинациясының иегері – «Shyraiber.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Айшат Жуасбаева (Белоруссия).
«Самғау» ұлттық байқауының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша номинациясының иегері – Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Жәмила Мамырәлі (Армения).
«Самғау» ұлттық байқауының Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша номинациясының иегері – «Неделя СК» облыстық апталық жарнамалық-ақпараттық газетінің шолушысы, «Информбюро» ақпарат агенттігінің СҚО бойынша тілшісі Алена Любушак (Тайланд).
«Самғау» ұлттық байқауының Шығыс Қазақстан облысы бойынша номинациясының иегері – Қазақ радиосының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Дәулет Абылқасымов (Мысыр).
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, алдағы уақытта аталған жеңімпаздар шоғыры «Астана Экспо-2017» аясында «Халық маркасы» павильонымен бірге дүниежүзінің 12 елін аралайды.