«Миграциялық режимді бұзған шетел азаматтарын қатаң жазалау туралы мәселе маңызды күйінде қалып отыр. Осыған байланысты, бұл саланың құқықтық қатынасын лайықты түрде декриминализациялау керек, деп есептейміз. Яғни, шетел азаматтарының елімізде болу мерзімін бұзған жағдайда ерікті түрде айыппұлды сот шешімінсіз шекарада төлеулеріне рұқсат беру қажет»,- деп мәлімдеді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында.
Оның айтуынша, еуропа елдерінің тәжірибесі бойынша Сыртқы істер министрлігімен виза беру тәртібін «аутсорсингке» беру және электрондық виза енгізу (құжаттар жинау және СІМ консулдық мекемелеріне беру) келісіміне қол жеткізілген.
«Жұмыс визасын алу үшін келісім мерзімі айтарлықтай ұзақ күйінде қалып отыр. Заң бойынша бұл 41 күнге дейін, тәжірибеде 2 аптаға дейінгі уақытты алады. Осыған байланысты, әріптестерімізден әдеттегі тәжірибедегідей заңнамалық мерзімді 14 күнге дейін қысқарту мүмкіндігін қарастыруды сұрағымыз келеді»,-деп атап өтті ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2017 жылдан бастап 55 елге визасыз режим енгізіледі. Аталған елдердің азаматтары мен инвесторлары Қазақстанда 30 күнге дейін тіркелмей-ақ жүре алады және кірер алдында автоматты түрде тіркеледі.