Астана қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту мен жаңа терминалдың құрылысы жобасы бойынша сондай-ақ ВИП терминалдың, жаңа тұрақ орындары, инженерлік инфрақұрылым құрылыстары мен перронды қайта жаңғырту және сол аумақты абаттандыру жұмыстары қаралған.
Жоба құны 60,2 млрд.теңгені құрайды. Биыл Ұлттық Қордан 10 млрд.теңге шамасында қаржы бөлінді. Ол қаражат толық көлемде игерілді.
Бүгінгі таңда ғимараттың темір бетонды және болат қаңқасын тұрғызу жұмыстары аяқталды. Сонымен бірге қасбетін, шатырын, су өткізу желісін, жылу, электрмен жабдықтау және коммуникациялық байланыс желілерін орнату жұмыстары атқарылуда; ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр және багажды өңдеу автоматты құрылғы жүйесін монтаждау жұмыстары басталды.
Орындалған жалпы жұмыс көлемі – 58%. Құрылыстың толығымен аяқталуы 2017 жылдың наурыз айына жоспарланып отыр.
Қосымша айта кетер болсақ, Астана қаласының бас жоспары бойынша 2030-жылға дейін күніне 1200 адам жылына 7 миллион жолаушыға қызмет көрсететін жалпы аумағы 1000 шаршы метр тағы бір халықаралық әуежай салынады. Әуежай шамамен қаладан 35 шақырым қашықтықта орналасады. Оның құрылысы Көкшетау тас жолы бойындағы Шортанды не Қарағанды тас жолында орналасқан Аршалы аймағында бой көтереді. Қазіргі әуежай ішкі бағыттармен жұмыс істеуге көшетін болса, жаңа әуежай халықаралық бағыттарға қызмет көрсететін болады.