Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, салынып жатқан Астана-Павлодар автожол учаскесіндегі жұмыстың ұйымдастырылу деңгейін қадағалады, деп хабарлайды mid.gov.kz.
Сондай-ақ, мердігер ұйым өкілдерімен жедел кеңес өткізді.
Кеңеске «Қазавтожол» ҰК» АҚ мен оның Ақмола мен Павлодар облыстарындағы филиалдарының, «Ақмолажоллаборатория» және «Павлодаржоллаборатория» республикалық мемлекеттік мекемелерінің басшылығы, сонымен бірге, Астана-Павлодар автожолы жобасының құрылысына тартылған барлық мердігер ұйымдардың басшылары қатысты.
Ж.Қасымбек өз сөзінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан бұл жобаның стратегиялық маңызын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, министр құрылыс жұмыстарын жоспарланған мерзімде және жоғары сапада жүргізу керектігіне тоқталды.
Кездесу барысында мердігерлердің техникалық жабдықтары, жол құрылысы материалдарын дайындау сияқты тағы басқа да мәселелер талқыланды.