Израильге сапар аясында ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтасу бойынша Жол картасына қол қойылады
06.04.2017, 22:41

Израильге сапар аясында ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтасу бойынша Жол картасына қол қойылады

Елбасы тапсырмасына сәйкес ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған Қазақстан делегациясы Израиль Мемлекетіне жұмыс сапарымен барды.

Делегация құрамында Ауыл шаруашылығы, қаржы, қорғаныс және аэроғарыш министрліктері мен «Атамекен» ҰКП, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы және «KAZNEX Invest», «ҚазақстанИнжиниринг», «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компанияларының өкілдері бар.

Жұмыс сапарының басты мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы АӨК-ке шетелден инвестиция тарту бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыру және екі жақты тиімді келісімдерге қол жеткізу.

Сапар аясында екі ел арасындағы келісімге сәйкес 2017-2018 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтасу бойынша Жол картасына, Қазақстан аумағында Израиль агротехнологиялық фермаларын құру ниеті бойынша Декларацияға қол қою және әлеуетті израильдік инвесторлармен бизнес-форум өткізу жоспарлануда.

Израиль Мемлекетінің географиялық жағдайының ауыл шаруашылығын жүргізуге аса қолайлы болмауына қарамастан, аталған сала бұл ел үшін зор маңызға ие және жоғары деңгейде дамыған. Яғни, бұл ел – балғын өнімдерді сыртқа шығаратын ірі экспорттаушылардың бірі және ауыл шаруашылығы саласы бойынша әлемдік көшбасшы болып табылады.

Сапар барысында А.Мырзахметов Израиль Мемлекетінің ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту министрі, Кнессеттегі «Еврей үйі» партиясының депутаты Ури Ариэлмен кездесіп, тиісті құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, делегация мүшелері ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялармен айналысатын «Volcani center» ғылыми-зерттеу институтына барады. Мұнда біріккен зерттеулер мен жас мамандарды даярлау мәселелері қаралады.

Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында Израиль агротехнологиялық фермаларын құру ниеті бойынша Декларацияға қол қойылып, олардың кешенінде ауыл шаруашылығының әралуан бағыттары бойынша технологияларды таныстыру талқыланады.

Инвестиция тарту және отандық өнімдерді экспорттау үшін «дөңгелек үстел» форматында израильдік агробизнес өкілдерімен кездесу өткізу де жоспарда бар.

Тағы бір айта кетерлік жайт, тәжірибе алмасу үшін делегация мүшелері «Гранот» ауыл шаруашылығы кооперативі мен Су ресурстарын үнемдеу және басқару компаниясы жұмысымен танысады.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер