«Грузияға барған туристеріміз Қазақстанға қайта алмай, бірнеше күннен бері əбігерге түсті. Алаңдап отырған жұртшылыққа айтарым, олар көп ұзамай елге оралады. Біз қолымыздан келгеннің бəрін жасадық. Бүгін Bek Air компаниясы көмек беру үшін Батумиге бір бортын жіберді. Ол ұшақ Алматы əуежайынан таңғы сағат 8.15-де аттанды. Енді туристеріміз осы маршруттар бойынша елге оралатын болады:
1. Алматы-Батуми-Атырау-Қарағанды.
2. Қарағанды-Батуми-Сочи-Астана.
3. Астана-Батуми-Атырау-Ақтөбе-Астана», - деп жазды фейсбуктегі парақшасында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Естеріңізге салып өтсек, Грузияға демалуға барған 140 қазақстандық турист бірнеше күннен бері елге орала алмай отыр. Отандастарымыздың айтуынша, 26 тамыз күні әуеге көтерілуі тиіс ұшақ белгісіз себептермен ұшпай қалған. Skybus компаниясының ақпаратынша, ұшақты құрастырған канадалық компания рейсті тоқтатып, шұғыл тексеріс жүргізуді талап еткен. Зауыт қызметкерлері лайнерде ақау болуы мүмкін деп отыр.