Байқау мақсаты – интернет жүйесіндегі үздік қазақтілді ресурстарды анықтау мен насихаттау және интернет ресурстардың саны мен сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген отандық қазақтілді сайттарды қолдау.
Марапаттау рәсіміне ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, мәдениет қайраткерлері және белгілі журналистер қатысты.
Өз құттықтау сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарова «Байқауға қатысқан қазақ сайттарының саны жылдан жылға көбейіп келеді. Биылдың өзінде республиканың түрлі аймақтарынан 30-ға жуық өтінімдер жіберілді. Ал үш жылдың ішінде байқауға 100-ден астам өтінім түсті. 17 қазақтілді интернет сайт лауреат және ақшалай сыйлыққа ие болды», - деді.
Байқауға ғаламтор кеңістігіндегі тәжірибесі кемінде бір жылды құрайтын, мемлекеттік тілде ақпарат тарататын үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайттар қатысты. Қазылар алқасы сайттарды мазмұны, қызмет бағыты, интерактивтілігі, қазақ тілі мен ұлттық құндылықтардың дәріптелуі, патриоттық тақырыптардың үздіксіз көтерілуі, көркемдік жағы, идея ерекшелігі, тартымдылығы секілді талаптар бойынша саралады.
Жеңімпаздар 8 номинация бойынша анықталды.
«Өткір тіл» аталымы бойынша үздік интернет-сайт www.silteme.kz, «Рухани азық» аталымы бойынша www.salseri.kz,
«Шынайы өмір» аталымы бойынша www.qazir.kz, «Спорт тынысы» аталымы бойынша www.argymaq.kz, «Білім бұлағы» аталымы бойынша www.эрудит.kz, «Жастар әлемі» аталымы бойынша www.univerlife.kz, «Аймақ айнасы» аталымы бойынша www.mediaon.kz, «Балаларға базарлық» аталымы бойынша www.dapter.kz порталы жеңімпаз атанды.
Байқау жеңімпаздары ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының дипломдары мен ақшалай сыйлығына ие болды.