Аталмыш шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Медиа тұлға болудың жолдары» тақырыбында өткізілді. Онда спикер болып белгілі журналист, продюсер Полина Шиманская өз тәжірибесімен бөлісті. Шеберлік сабағында журналистік шеберліктің құпиясы, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат берудің жаңа түрі, жағымсыз пікірге қарсы күрес әдістері, имиджде жұмыс жасау сынды тақырыптар қозғалды. Сонымен қатар тренингке қатысушылар арасында түрлі ойындар ойнатылылды.
Тренингта П.Шиманская интернет журналистикасы жайлы да сөз қозғады.
Бүгінде интернетке қолжетімді адамдар өте көп, сондықтан теледидарды үзбей қарап, радионы үзбей тыңдап, газетті жібермей оқығаннан гөрі олардың веб-сайтымен таныса салу тиімдірек. Интернет журналистикасының өзім байқаған артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталсақ. Жалпы газет, тв, радио журналистикасының бір-бірінен айырмашылығы бар. Ал, интернет журналистикасы соның барлығын да қамтуға тырысады, сондай-ақ, дәстүрлі медианың мүмкіншілігін арттырады. Ақпарат беру жылдам, оның үстіне «эфирге сыймай қалды, газет толып кетті, келесі санында шығады» деген түсінік болмайды. Қандай контент салсаңыз да интернет жұта береді. Ал контенттің сапалылығы, сапасыздығы ол контент тудырушы адамға байланысты. Интернет журналистикасында контентті жан-жақты етіп жеткізуге болады. Мәселен, бір мақаланы жазу барысында оқырманның сенімінен шығу үшін, сөзіңіз дәлелді болу үшін мүмкіншілігіңізге қарай видео мен фотоларды пайдалана беруге болады. Сіз бір мақала арқылы газеттің де, ТВ-ның да, радионың да миссиясын атқаруыңызға болады. Қай газетті алып қарасаңыз да, бір тақырыпқа байланысты ары кетсе 2-3 фото береді. Ал, интернетте фотоРЕП жасап, қанша сурет саламын десеңіз де өз еркіңіз. Сондай-ақ, интернет журналистері өз контенті үшін оқырманмен тікелей контакт орната алады. Мақаласына пікір жазушылар немесе әлеуметтік желідегі аккаунттары арқылы оқырманмен өз контенті төңірегінде ой бөлісе алады. Мұның барлығы артықшылықтары деп айтар едім, - деді ол.
Шеберлік сабағына қатысушылар көп ақпарат алып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды.