Ақтөбеде ұлттық байқауға 500-ден астам отбасы қатысты. Бүгін марапаттауға 27 отбасы келіп, үздіктері іріктелді. Алдымен 20 отбасыға арнайы алғыс хат пен шаңсорғыш, автоматты кір жуу машинасына сертификаттар беріліп, кейін жеңімпаздар анықталды. Үшінші орынды Қарғалы ауданының Прыймак және Байғанин ауданының Көпбаевтар отбасы жеңіп алды. Ал 2 орынды Сүлейменовтер, 1 орынды Нұрмановтар отбасы иеленді. Бас жүлде Димаш Құдайбергеннің отбасы Айтбаевтарға берілді. Олар шипажайда тынығады.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әр отбасы жақсы өмір сүруі үшін түрлі бағдарламаларды бағыттады. Биыл бесінші рет конкурс қорытындыланды. Байқауға қатысқан әрбір отбасы өз балалары мен немере-шөберелерін басқаларға таныстырып, көрсетсем деп мақсат етті. Сахнаға шыққан 27 отбасының бәрі өнегелі, тәрбиелі. Ақтөбе облысынан тек Қазақстанға ғана емес, дүние жүзіне танымал отбасы шыққан. Жұбановтар отбасы да Ақтөбеден. Ақшолақовтар да бар. Бас жүлдені жеңіп алған Айтбаевтар отбасы да жақсы таныс. Қазақты дүние жүзіне танытып жүрген Димаш баламыз болды. Егер тегі мықты болмаса, сол отбасыда жақсы тәрбие, білім алмаса Димаш мұндай бола ма, болмас па еді?!», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, жеңімпаз отбасы «Мерейлі отбасы» жобасының республикалық айналымында Ақтөбенің намысын қорғайды.