Кездесу барысында министр Елбасыға 2016-2019 жылға арналған білім мен ғылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы жөнінде есеп берді.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың жүзеге асыруда оқу жүйесінің маңызы зор екенін атап өтті.
«Біз жүзеге асыруға тиіс барлық бағдарламалық құжаттарда, соның ішінде биылғы «Қазақстандағы төртінші индустриалдық революцияның жаңа мүмкіндіктері» жолдауында және «Рухани жаңғыру», сонымен қатар, цифрландыруды дамытуда білім беру жүйесі басты рөл атқарады. Аталған барлық бастаманы сәтті жүзеге асыру үшін сапалы білім қажет», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы еліміздің білім беру жүйесінде жүзеге асырып жатқан реформалардың уақытылы екенін баса айтып өтіп, ағылшын тілінде жеке пәндерді оқытуға көшу үрдісіне бөлек тоқталып өтті.
«Ағылшын тілінде жеке пәндерді оқыту жоғарғы сыныптарда жүргізілетін болады. Балаларды қазір ағылшын тіліне үйретпесек, болашақта толыққанды кадрлар дайындай аламыз деп айта алмаймын. Бұл – уақыт талабы және ата-аналар бұған түсіністікпен қарауы керек. Алайда балаларды қазақ тілінде оқытуды да ұмытпау керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу барысында Ерлан Сағадиев мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде министрлікке жүктелген міндеттердің қалай орындалып жатқанын хабарлады.
Министр мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыстардың аралық қорытындылары туралы баяндады.
«2018 жылы балалардың 95 пайызы мектепке дейінгі білім берумен қамтылды. Бұл негізінен жекеменшік балабақшаларды салу арқылы жүзеге асырылады. 2019 жылы ерте дамыту бойынша бірыңғай стандарттар енгізілетін болады. Тағы да айта кету керек, бүгінде балаларды балабақшаға кезекке тұрғызу үшін мобильді қосымшаны пайдалануға болады», - деп айтып өтті министр.
Сонымен қатар Ерлан Сағадиев Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесіне негізделген мектептерді жаңартылған мазмұнға көшірудің нәтижелерін таныстырды.
Министр ағылшын тілінде жеке пәндерді оқыту бойынша мұғалімдерді оқытудың жетістіктерін тізіп көрсетті.
«2016 жылы тек 2 мыңға жуық мұғалім ғана ағылшын тілінде сабақ беретін. Былтыр тиісті курсқа қатысуға 11,5 мың адам өтініш берген, оның ішінде 3 мыңдай мұғалім курсты аяқтап, ағылшын тілінде білім бере бастады. 8 мыңға жуығы өзінің оқуын жалғастырып, қажетті деңгейге өтіп жатыр. 2019 жылы 13,5 мың мектеп мұғалімі төрт пәнді ағылшын тілінде үйретуді бастайды», - деді Ерлан Сағадиев.
Кездесудің соңында Елбасы министрге біршама тапсырма берді.