Мәлік Ғабдуллин және «Едіге» жыры
19.04.2018, 11:28

Мәлік Ғабдуллин және «Едіге» жыры

Кеңестер Одағының батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылық қырларын санамалағанда, оның ірі фольклоршы ғалым, публицист, жазушы, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері т.б. қырлары жалғаса беретіндігін көреміз.

Өз дәуірінің биік зияткерлік ақыл – ойы мен болмысының нарқасқасы еді. Ғылым мен әдебиет саласы бола ма, немесе қоғамдық өмір саласы бола ма, қандай саланы алмасақ та, өзінің алғырлығы мен ізденгіштігімен, іждаһатымен кез-келген істе бетінен қалқымай тереңге баратын  Мәлік Ғабдуллин болмысына таңқалмасқа шарамыз жоқ. Кез-келген таланттың маңдайына бұйыра бермейтін осындай сирек болмыс оны әрбір істің шебері болуға ұмтылдыратын.

Тағдыр оған барлығын да сыйлаған еді. Ақыл-көрікті де, батырлықты да, батылдықты да, терең парасат пен мейірімділікті де, күш-қайрат пен асқан жігерлікті де, пайымды ой мен алғырлықты да аямай берген сияқты.

Ғалым М.Ғабдуллиннің қаламынан «Қобыланды батыр», «Қазақ халқының батырлық жырлары», «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы» (фольклор бөлімі) сияқты еңбектер туды.

Мәліктің қазақ фольклоры саласындағы ең соңғы еңбегі «Қазақ халқының батырлық жыры» (1972 – Т.Сыздықовпен бірігіп жазған) Қазақ КСР Ғылым Академиясының қоғамдық ғылымдар саласындағы Шоқан Уәлиханов  атындағы сыйлығына ие болды.

«Жеке  зерттеулері ішінен  М.Ғабдуллиннің «Қобыланды батыр» жыры туралы еңбегін бөліп атау орынды. Мұнда ғалым эпостың генезисі, попстадиялығы, вариант-нұсқалары, тарихи шындықты елестету ережесі, қаһармандар қатары,  көркемдік  ерекшеліктері жайында өзінше пайымдап түсіндіреді». (Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі. Естеліктер. Астана, 2002 жыл)

Сонау соғысқа дейінгі аспирантурада оқыған жастық жылдарының өзінде-ақ, ол қауымды зерттеуші, болашақ білікті ғалым екендігін сол кездердегі ғылыми конференцияларда жасаған баяндамалары мен баспасөз беттерінде шыққан материалдарымен танытқандығын байқаймыз.

1937 мен 1938 жылдар аралығында КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық бөлімшесінде ғылыми қызметкер болып жүрген кезде Омбы, Санкт-Петербург қалаларындағы сақталған қазақ руханиятына қатысты көне мұрағат, жәдігерліктерді ақтарыстырып, ізденушілік  сарапқа түседі. Қазақтың біртуар жарық жұлдыздары Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлихановқа қатысты тың деректерге кезігеді. Алғашқы қазақ баспасөздерінің бірі «Дала уалаятында» жарияланған әдеби мұраларды саралап зерделейді.

1938 жылдың 7-11 маусым күндерінде КСРО Ғылым Академиясының Этнография институтының ұйымдастыруымен сол кездегі Ленинград қаласында өткен конференцияда Мәлік «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген тақырыпта ғылыми хабарлама жасайды. (Негимов С. Мәлік Ғабдуллин. (өмірі мен шығармашылығы).  – Алматы, 2001). Жас ғалымға орыстың ірі ғалымы, академик Ю.М.Соколов: «Ғабдуллин Мәлік халық әдебиетін өте жақсы көреді. Қолынан іс келетін жастың бірі» - деп, баға береді. (Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі. Естеліктер жинағы. – Алматы, 2000).

Жас ғалым халық әдебиеті мұраларын ел аузынан жинауға үлкен мән береді. Осыған байланысты сол кезде шығатын «Төте жазу» деген газетте Мәліктің «Халық әдебиетін жинайық» деген мақаласы жарияланады. Халық мұраларының толық нұсқасын жинауға ден қояды. Оның «Қобыланды батыр» мақаласы 1939 жылы «әдебиет және искусство» журналының екінші санында жарық көрсе, 1940  жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің алтыншы санында  «Халық фольклоры жайында» деген зерттеуін жариялайды. Мәлік Ғабдуллин аспирантураның соңғы жылдарында (1940-1941 жж) «Едіге батыр» мен «Қобыланды батыр» жырларының тарихи тек-төркіндері деген тақырып бойынша еңбек етеді. Осы орайда әлемдік фольклордың үздік үлгілерімен кеңірек танысып, Ф.И.Буслаев, А.Н.Миллер, А.Н.Веселовский т.б. зерттеушілердің фольклор теориясына қатысты еңбектерін оқып, танысады. (Негимов С. Мәлік Ғабдуллин. өмірі мен шығармашылығы. – Алматы, 2001. -1928).

М.Ғабдуллин Қазақстанда ғана емес, одақ көлеміндегі ірі эпостанушы ғалымдардың бірі еді. Ғалымның эпостанушылық қыры – тағдыры талай рет сын тезіне түскен, басы дау-дамайлы, атышулы «Едіге» эпосын танып-білуінде көрінді. Енді М.Ғабдуллинге дейінгі «Едіге»  жырының нұсқалары, зерттелуіне тоқтала кетсек.

Тарихи Едіге – көзі тірісінде-ақ аңызға айналған адам. Бүгінгі ұрпаққа жеткен жыр-дастандар және түрлі аңыздар мен әңгімелер кемеңгер көсемнің өзі өмір сүрген кезінде қалыптаса бастаған. Едіге туралы ертегі әңгімелер, қисса жырлар түркі халықтарының арасында  кең тарап кеткен. Ғылымға қағаз бетіне түскен отыздан астам нұсқасы белгілі. Қазақ арасындағыларына мысал етіп Шыңғыс сұлтан Уәлиханов  қазақтың белгілі жыршы ақындарынан жаздыртып алған жырды, Әубәкір Диваев  бастырған («Этнографические материалы» вып. V  1986 ж. кейін, 1925 жылы жеке кітап болып шыққан). «Мырза Едіге» жырын, Г.Н.Потанин  бастырған («Живая старшина» вып. III, IV 1897 ж) аңыз әңгімелерді, «Едіге» жырын келтіруге болады.

Осы асыл мұраның баға жетпес үлгісі ретінде ұлы Шоқан есімімен байланысты  «Едіге» жырын ерекше атап өту керек. Қазақтың бұл жыры түркі халықтары арасындағы Едіге туралы  бар жырлардың ішінен көркемдік жағынан болсын ең құндысы деп танылған. Ғылымда бұл жыр Шоқанның классикалық нұсқасы аталған «классический текст Валиханова»). Бұл жырды Шоқан алғаш 1841 жылы естіген екен. Халықтың жыр-аңыздарын жаздыртып жүретін Шоқанның әкесі Шыңғыс сұлтанда бұл жырдың үш көшірмесі болған (екеуі Жаманқұл ақыннан, біреуі Арыстанбай ақыннан жазылып алынған). Бұлар Шоқанның сүзгісінен өтіп, Шоқан есімімен байланысты жыр ретінде ғылымда танылады. Алғаш рет Шоқан қайтыс болған соң 1905 жылы Санкт-Петербургта П.М.Мелиоранскийдің бастыруымен жеке кітап боп шығады.

«... «Едігені» тұғыш рет тарихи-филологиялық тұрғыдан қарастырып зерттеген, аударып әлемдік ғылым алдына шығарған Шоқан болды. Шоқаннан кейінгі уақытта жырды П.М.Мелиоранский, В.М.Жирмунский зерттесе, М.Әуезов, Қ.Сатбаев, С.Сейфуллин, А.Орлов, А.Самайлович әр кезде әртүрлі пікірлерін айтқан.

Әлемдік фольклористикада «Едіге» жыры дүниежүзі фольклорындағы эпикалық жырлардың ең озық үлгілерінің бірі деп есептеледі. Бұл - өткен ғасырда-ақ қалыптасқан, сол кезде-ақ ғылыми қауым мойындаған және ешкім де теріске шығара алмайтын пікір» (Едіге хылық эпосы. Текстологиясын қарап, баспаға әзірлеген, алғы сөзін, соңғы сөзін жазған Едіге Мағауин. «Айқап» баспасы. Алматы, 1993 ж. 14-15б.б.).

Ноғайлы жырларының ішінде Шоқанның ерекше мән бере қараған жыры – «Едіге» жыры. «Едіге» жырының Алтын Орда тарихына қатысты нақты тарихи уақиғалардан өріс алғандығын байқаймыз. Оның тарихи негізі – Алтын Орда ханы Тоқтамыс пен Ноғайлы биі Едігенің араздасып, жауласу тарихы.

«Алтын Орда билеушісі мен Едіге бидің араздасқан уақыты – Тоқтамыстың 1393 жылы Ягайлоға Ден бойынан хатқа түсіртіп жіберген пәрмен-жарлығында 1391 жылы деп көрсетілген. (Ибатов А. XIV ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі. Алматы: Ғылым, 1990). Ақсақ Темір мен Тоқтамыс қолдарының шайқасқан мезгілін әртүрлі жазба деректер мен тарихи еңбектерге сүйеніп, осы тарихи оқиғаны сөз еткен қазақ ғалымдары Ш.Уәлиханов, Р.Бердібаев 1391, 1395 жж Теріскей Кавказдағы Терек, Кубан өзендерінің бойында болған  қандай шайқастармен байланыстырады.

«Едіге» жырының тарихи негіздеріне байланысты В.М.Жирмунский: «В основе эпических сказании об Идиге лежат исторические события, относящиеся к концу XIV – началу XV в., периоду усиливающегося политического распада Золотой Орды и утверждения на Востоке мировой державы Тимура (Тамерлана) с центром в Средней Азии» - деген пікір айтады. (Асанов Жұманазар. «Едіге» жырының тарихи негіздері. // «Жұлдыз» 2008. №9 Б-149).

Жырдың тарихи негізі жөнінде академик Р.Бердібай: «Едіге батыр» жыры тарихи аңыз негізінде құралғандықтан, оны сол дәуірдегі нақтылы тарихи, саяси, әлеуметтік жағдайларды баяндайтын еңбектерімен салыстыра қарау шындық пен аңыздың парқын айқындай түспек. Ал эпостың бас қаһарманы – Едігенің тарихи арнаға шығу себептерін Алтын Ордада, Ноғай Ордасы мемлекетінің тағдырынан алшақ алып қарау мүмкін емес. Сондықтан Алтын  Орда тарихы осы кезге дейін жан – жақты жазылмағаны белгілі» - деп жазады.

«Едіге» жырының тарихи негіздерін ғылымда алғаш талдап, саралап пікір айтқан да қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов еді. «Едіге» жыры  XIV ғасыр соңындағы оқиғаларға қатысып, бірақ XV ғасыр басында құрастырылған. Бұл жыр-дастандағы ескі сөздер мен сөз тіркестері құбылысынан байқалады. Ондай сөздер мен сөз тіркестері қазіргі тілде жоқ» - дей келіп, жырдағы тарихи оқиғалардың XIV ғасырда өтіп, дастанның XV ғасырда пайда болғанын ғылыми түрде дәлелдеп көрсетеді. Жырдың бас қаһарманы  Едігенің тарихи Едіге екендігін де алғаш дәлелдеп айтқан ғалым да Шоқан Уәлиханов еді. «Самый замечательный исторический джир киргизский – это «Идиге», тот самый Идиге, Эдеку, Идигей, о котором говорится в ярлыке Тохтамыша, тот самый бек, манап и темник, которой разбил Витовта при Ворскле и  управлял ордой безотчетно при четырех ханах» - дей келіп, «Существование Идиге, несомненно, как существование Тохтамыш-хана и Тамерлана. Оно подтверждается не только народными преданиями, но и письменными фактами. Ибн-Арабшах говорит об Игиде,  что он был одним из дъяволов Тамерлана. В хрестоматии Хамфина (изданной в Казани) находится радословная  Идиге, составленная по преданиям казанских татар» - деп, жырау тарихи негіздерінің астарлы беттерін ашады. (Валиханов Ч.Ч.Соч. ТІ. 1961-45с).

Қазақ әдебиеті зерттеушілерінің кезінде «Едіге батыр» жырына көңіл бөлмегені, ол туралы азды-көпті сөз қозғамағаны кемде-кем. Көрнекті ғалым Б.Кенжебаевтың жыр туралы арнаулы мақаласында да осы тұста еске түсіру орынды. Ол жырдың бес түрлі нұсқасын салыстыра қарап, олардың өзара кейбір айырмашылықтарын да, ортақ желілерінде анықтайды, әуел баста Тоқтамыс пен Едіге және оның балалары арасындағы соғыстар жеке-жеке дастан ретінде айтылып, кейін келе ұмытылған болуы мүмкін деген болжам айтады. (Кенжебаев Б. «Едіге батыр жыры» туралы. «Әбедиет және искусство» 1940, 7-8 сандар) .

Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау жылдарында орталық идеология кеңес ұлттарының әрқайсысының ертеде өткен қаһармен тұлғаларының тарихи, ерлік істерін отаншылдық, ерлік рухын ояту үшін, тарихи жадын қайта жанғыртып, дәріптеу үшін пәрменді насихат жүргізді. Қазақ жауынгерлерінің арасында да ескі тарихи жырларды оқыту кеңінен қолға алынды. Солардың ішінде Нысанбай ақынның «Кенесары – Наурызбай» жыры мен «Қырымның қырық батыры» циклінен «Едіге», «Орақ – Мамай», «Қарасай – Қази» жылдары насихатталды. Жаудың беті қайтып, кеңес әскерлері жеңе бастағанда, идеология өз бағытынан тез қайтып, «ұлтшылдыққа» қарсы кезекті саяси науқанын бастап жіберді.

Темір идеология мен партиялық өктемдік өзінің бұрынғы күшін тез тапты. Оның алғашқы көрінісі 1944 жылғы ВКП(б) Орталық Комитетінің «Татар партия ұйымында саяси-көпшілік және идеологялық жұмыстың жай-күйі және оны жақсарту шаралы туралы» атты қаулысы боды. (КПСС в резолюциях и решениях съездов, конференции и пленумов. ЦК 1971, т.6.)

«Соғыс уақытында, әсіресе «Едіге» көп дәріптелді, ол түркі халықтары үшін бәріне ортақ ер тұлға, Алтын Орданың көсемі, немістің Тевтон орденін, Литва-Польшаның Витовын талқандаған қолбасшы-саясаткер. Мұны өршітіп қойған Сталиннің «Соғыс тек орыс солдатының арқасында біздің пайдамызға шешілді» деген сияқты жалынды сөздері болды. Басқа ұлттар тағы да жасып қалды, әсіресе соғыста асқан ерлік үлгісін көрсетен Еділ татарлары мен қазақтарға ауыр тиді...

...1944 жылы Едігені тым дәріптеп жіберді, ал Едіге болса Алтын Орданы басқарған кезде Руське көрсетпегені жоқ деген желеумен «Татар ұлтшылдығы жөнінде ЦК ВКП(б) – нің атақты қаулысы шықты». (Артықбаев Ж. Қазақтың дара туған ғұламасы. Әлкей Марғұланның 90-жылдығына // Замандас – Современник, 1994, 6 мамыр).

Татар ұлтшылдығы қарсы саяси науқан барысында Ә.Марғұланның «Эдиге  в истории и преданиях» (1944) атты еңбегі шовинистік пікірдегі Е.Степанов тарапынан «ұлтшылдық» тұрғыда әшкереленіп, Ә.Марғұланның қателігін көрсету арқылы қазақ фольклористикасының, соның ішінде қазақ эпосын зерттеудің де ұлтшылдық шырмауда екенін дәлелдеді. Бұдан соң 1943 жылы 28 маусымда Е.Бекмаханов «Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі» (1837-1847) деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Мұны тарихшы А.И.Яковлев «Бұл орысқа қарсы жазылған кітап» - деп бағалап, Е.Бекмаханов құрамына кірген «Қазақ ССР тарихи» авторлары Сталиндік сыйлықтан алынып тасталды. Кейіннен бұл мәселе одақ көлемінде қабылданған қаулы-қарарлар арқылы жалғасын тауып, Мәлік Ғабдуллин соғыстан соң елге оралып (1946-1951 жж.), Қазақ КССР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институтына басшылық қызметке келген тұста өрши түсті. Қазақтан К(б)П Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» (1947, 21.01)

«ВКП(б) Орталық Комитетінің «Драма театрларының репертуары туралы және оны жақсарту жөніндегі шаралар туралы» қаулысын орындау барысы туралы» (1947, 29.04) атты қаулылары арқылы үдей түсті. Мұндай өктем қаулылыр республикада ұлтшылдыққа қарсы күрестің өршуіне, «тұрпайы социологизмнің» солақай сынының қайта өріс ашуына негіз болды. Сол арқылы  XVIII-XIX және XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихының көрнекті өкілдерінің мұрасына, эпостық жырларға «феодалдық – реакциялық»,  «буржуазиялық – ұлтшылдық»  және «діншіл шығармалар» деген қара күйе жағып, ұлттық сана- сезімді түпкілікті тұмшалауға бет алды. (Такиров С. XX ғасырдың 40-50 жылдарындағы қазақ әдеби сыны. Филол.ғыл.кан.дисс. Астана, 2004-133б )

«1939 жыл мен 1957 жылдың арасында бірде – бір жыр жаңадан басылып шықпаған екен. 40-жылдар аяқ кезінде, 1950 жылдардың алғашқы жартысында әбеди мұраға нигилистік көзқарас үстем болды. Осы дәуірде эпостың спецификасын түсінбейтін, әдеби сауаты төмен, моральдық жағынан азғын адамдардың дауыстары басым шығып, адал әдебиетшілер қуғынға ұшырады. «Қамбар батырдан» басқа жырлардың бәрі де халықтық емес деп табылды». (Мағауин М. Ғасырлар бедері. – Алматы: Жазушы, 1991, 432б.).

Осындай адал әдебиетшілердің азғана шоғырының ішінде ғалым М.Ғабдуллин де бар еді. Қанша идеологиялық тосқауылдар болса да ол алған бетінен қайтпай, қаһармандық жырларын зерттеудегі ізденістерін талассыз жалғастыра берді.  

1954 жылы «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқу құралын жазып, «Батырлар жырының» І томын (1963) ІІІ томын (1964), «Қазақ фольклорының» І томын (1968) құрастырып, алғы сөзін жазуға, жариялауға қатысты. Бұдан соң басынан дау-дамайы арылмаған, қырқыншы – елуінші жылдардың «қырғи» сыншылары талай мәрте шүйлігіп, мүлде айналымнан шығарып тастаған «Едіге» жыры туралы «О казахском эпосе «Едиге» (1969) атты зерттеуінде аспирант күндерінде ойға алған мәселелерді жырдың шығу тегі, нұсқалары, жыр нұсқаларының ұқсастықтары мен айырмашылықтары, тарихи тұлғаларға қатысты ой-пікірлерін, ғылыми тұжырымдарын жарыққа шығарды. Бұл еңбек те уақыт өте келе, «Едіге» жырын түбегейлі зерттеулерге жол ашты. Саңлақ таланттың эпостағы бұл қадамы – сол кездегі уақын тынысынан алып қарағанда үлкен ғылыми ерлік еді.

 

Сәбит Жәмбек, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, қазақ филологиясы кафедрасының профессоры міндетін атқарушы.

Дереккөз: rusnauka.com

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер