1926 жылға дейін барлық медреседе «Қисса сүл-әнбия» он екі пәннің бірі ретінде шәкірттерге оқытылған. Діни сауаты бар шәкірттер ауылдағы жиын-тойда шамның жарығымен қаумалаған әлеуметтің бәріне қиссаларды оқып беріп, елдің сауатын ашқан.
Қисса мен өлең болды жаттағаным,
Қағазға қалам алып қаттағаным.
Мал, шіркін, жер тезектей қала берді,
Басқаным – қой, ат болып – аттағаным, – дейді Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы.
Сол сияқты біз де қисса жаттап, ұрпаққа насихаттай отырайық. Бүгінгі айтылатын қисса балықта желбезектің пайда болуы жайлы. Қисса өзінің тарихын сонау Ыбырайым пайғамбардың дәуірінен тартады.
Намрұт патша өзін «Құдаймын» деп жариялап, «Ыбырайымның Алласын садақпен атып өлтіремін» деп, елде жоқ алып садақ жасатады. Жебесі жүз құлашқа жетіпті. Ол Аллаға оғын атарда ішінен: «Уа, Алла мен сенің бар екеніңді білемін. Бірақ өзімді «құдай» деп айтып қойдым. Сөзімді қайтып ала алмаймын. Осы дүниеде тілегімді бер, ана дүниеде өзің біл» – депті. Ол оғын атқанда Ұлық Алла Жебірейілге:
– Оның оғына балықты тос. Жебесі зая кетпесін, – дейді. Жебірейіл солай жасайды. Жебе балықтың мойнын тесіп өтеді. Одан қан ағып, жерге тамшылайды. Намрұт қанды көріп, қуанады. Елге қанды көрсетіп:
– Қараңдар Ыбырайымның Құдайын өлтірдім, – деп жар салады.
Балық:
– Иә, Алла неге мені оққа тостың? – деді. Ұлық Алла:
– Балық қайғырма. Менің досым Ыбырайым қатты шөлдеп зынданда жатқанда, Намруд оған салқын су беріп еді. Сол сыйы үшін, мен оған сый жасап, жебесін бос қайтарғым келмеді. Есесіне сенің де ақыңды жемеймін. Бұдан былай адам үшін сен адал ас боласың. Сені кім ауласа да бауыздамай жей берсін, – деді. Балық Аллаға риза болды.
Балық осыдан бастап, адал асқа айналыпты. Оның желбезегі жебенің орны екен. Қаны сол кезде аққандықтан, оны сойғанда қан шықпайтын болыпты.
Ал, балықтың жерге аққан қанынан маса пайда болған деседі. Ол Намрудтың құлағына кіріп кетіп, ақыры ажалына себеп болған екен. Масаның көбіне су бетінде тіршілік ететіні өзінің судан жаралғанын білдірсе керек-ті.