Бұл ата-аналардың тілазар балаларын қорқытатын сүйікті әпсанасы. Бұл біздің суықта — суық тиеді, қатты суықта — қатты суық тиеді, көбінесе менингитке шалдығады деген түсінігімізге байланысты. Бірақ шын мәнінде олай емес.
Менингит — ми немесе жұлын қабығының қабынуы. Мұндай қабынудың себептері:
— Вирустар. Менингит тұмау, ұшық, қызылша, паротиттің (құлақ түбі бездерінің шошынуы) асқынуынан пайда болуы мүмкін.
— Бактериялар. Ауру тудыратын «арнайы» менингококк бактериялары болады. Оның үстіне басқа да бактериялық жұқпалар, мысалы туберкулез, пневмококк және гемофильді жұқпалар да менингиттің меңдей түсуіне алып келеді.
— Қарапайым саңырауқұлақтар мен паразиттер. Ағзалардың мұндай түрлерінің бәрі ағзада емделуі қиын менингит сырқатын тудырады.
Менингит көбінесе ауа-тамшылы жолмен беріледі. Бірақ кейбір бактериялар мен қарапайым паразиттер ағзаға жұқпалы су немесе тамақ арқылы енуі мүмкін.
Құлақ мұздағанда немесе жалаңбас жүргенде менингит берілмейді.
Алайда, егер қатты жаурап қалған себепті иммундық қорғаныс әлсіресе және дәл сол сәтте ағза бактериямен немесе вируспен бетпе-бет келіп қалса, менингитке шалдығу қаупі пайда болады.
2. Менингиттен адам өлмейдіБұл да өтірік. Менингит — өте қауіпті сырқат. Әрине, көп жағдайда ол ауруды қоздырушыға және науқастың жағдайына байланысты. Вирусты менингиттер бактериалық менингитке қарағанда cырқаты жеңілірек өтеді.
Бактериялар әсерінен пайда болған менингиттер кейде өте қауіпті жағдай — сепсиске алып келеді. Бұл кезде менингококктар өте қауіпті болады. Олар тез меңдеп кететін менингит тудырады да, адам бірнеше сағаттың ішінде өліп кетуі мүмкін.
Сырқаттың ауыр өтуіне байланысты бактериялы менингитке шалдыққан әрбір оныншы адам қайтыс болады.
3. Менингит — балалардың сырқатыЖоқ, менингитпен балалар да, ересектер де ауырады. Бірақ кішкентай балалардың, кәрі кісілердің және иммунитеті төмендеп кеткен (ВИЧ-жұқпасы немесе химиялық ем салдарынан) адамдарың бұл сырқатқа шалдығу қаупі жоғары. Оның үстіне кішкентай балаларға, көбінесе оған қарсы екпе салынбайды. Нәтижесінде, олар ересектерге қарағанда он есе жиі аурады.
Менингит жаңа туған, әлі бір айға да толмаған нәресте үшін өте қауіпті. Келесі қауіпті жас — сәбидің үштен сегіз айға дейінгі кезеңі.
4. Менингит — бастың қатты ауруыРасымен де бас ауруы — менингиттің негізгі белгілерінің бірі. Бірақ, тек бұл ғана емес. Сырқаттың өтуі әртүрлі болуы мүмкін. Өйткені ол менингиттің туу себебіне байланысты.
Балалар мен ересектерде де сырқат әртүрлі өтуі мүмкін. Балалардың менингиті ересектердікіне қарағанда қауіптірек. Өйткені оны кішкентай балалардан, әсіресе тілі шықпаған немесе ойын айта алмайтын балалардан анықтау қиын.
Балалардағы менингиттің жалпы белгілері:
— Мазасыздық.
— Тамақтан бас тару.
— Жоғары температура.
— Әлсіздік, сылбырлық, ұйқышылдық.
— Құсуы мүмкін.
Яғни бұл белгілер әдеттегі суық тиюден улануға дейінгі кез келген сырқат кезінде де пайда болуы мүмкін.
Ересектердегі менингит белгілері:
— Жоғары температура.
— Бас ауруы.
— Мойын бұлшықеттерінің қатаюы. Қатаю – дененің икемге келмей, сіресіп қалуы. Науқас бір қалыпты жатады, оған мойнын бұрау қиынға соғады.
— Жарықтан жасқану. Жарық көзді тітіркендіріп, бас ауруын күшейтеді.
— Адамды оятып алудың өзі қиын болатын ұйқышылдық.
— Жүрек айну және құсу.
Менингококк жұқпасының негізгі белгісі – өзіне тән геморрагикалық бөртпе. Мұндай бөртпелер қан тамырларының жарылуына немесе көгеруге ұқсайды. Олар әуелі жұлдызшаға ұқсас кішкентай болып, кейін біртіндеп үлкейіп, даққа айналады. Егер ондай бөртпенің үстін басса, ол ағармайды.
Кейде сырқатты анықтау үшін «стақан әдісін» қолданады. Ол үшін мөлдір стақанды алып, онымен бөртпе шыққан терінің үстін басу керек. Егер дақ әйнектің арғы жағынан көрініп тұрса, ем-шарасын тезірек бастап кету үшін жедел жәрдем шақырған жөн.
Диспетчерге науқаста сондай бөртпе бар екенін айту маңызды. Бұл тез арада әрекетке көшуге керек ерекше жағдай.
5. Менингиттің емі жоқБәрі менингиттің түріне байланысты.
— Вирусты менингиттер әдетте өздігінен кетеді. Өйткені вирусқа қарсы әсерлі дәрілер көп емес. Егер менингит, мысалы тұмау немесе ұшық вирусынан пайда болған болса, онда дәрігерлер арнайы вирусқа қарсы дәрілерді қолдануы мүмкін. Бірақ бұл ережеден гөрі ерекше жағдайға көбірек келеді.
— Бактериалды немесе саңырауқұлақты менингиттер антибиотиктердің көмегімен емделеді.
Қалай болғанда да менингитті дәрігердің бақылауымен емханада емдейді. Антибиотиктерден өзге инфузиялық ем-шарасы – су теңгерімін ұстап тұруға көмектесетін қоректік ерітінділерді енгізуді де қолданады. Сондай-ақ мидың ісінуін төмендететін дәрілер, тыныс алу кезінде қиындық туса, оттегі маскаларын тағайындайды. Науқасқа жеңіл болу үшін ауруды басатын және құсуды тоқтататын дәрілерді пайдаланады.
6. Менингитпен тек кедей елдерде ауырадыТіршілік ету деңгейі төмен кейбір елдерде менингитпен расында көбірек және жиірек ауырады. Негізі, менингит — сирек кездесетін жұқпа. Бірақ оның бар екенін ұмытып кетуге де болмайды.
Менингококктық мененгиттің әлемдік тарауы (2009 г.)
қызыл түс - менингиттік белдеу
қоңыр түс - эпидемиялық аймақ
сұр - анда-санда кездесу
Ересектердің 5-тен 10%-і менингококк таратушы, бірақ онымен ауырмайды. Есесіне, басқаларға жұқтыруы мүмкін. Егер адамдар бір-бірімен тығыз тіршілік ететін болса, онда оны таратушылардың саны 60%-ға дейін артады. Сондықтан сырқатты жұқтырып алу қаупі шағын аймақта көп адамның жиналатын жерлерде: балабақшаларда, мектептерде, казармаларда жоғары болады.
7. Менингитке қарсы екпе жоқМенингиттің барлық қоздырушыларынан 100% қорғайтын екпе болмайды. Бірақ кейбір вирустар мен бактерияларға қарсы екпелер болады.
Менингококкқа қарсы екпеМенингококктар — атауы айтып тұрғандай менингит тудыратын бактериялар. Бұл бактериялардың бірнеше түрі болады. Олардың біреуінен немесе бірнешеуінен қорғайтын екпелер болады. Қазақстанда менингококка қарсы профилактикалық екпе міндетті екпелер тізіміне енбейді. Тек эпидемиологиялық көрсеткіштер (ауру таралған жерде) бойынша ғана екпе салынады. Және жедел қызметке жіберілетін әскерге шақырылғандарға екпе салдыруға кеңес береді. Бірақ жеке орталықтада балаларға да, ересектерге де екпе садырып алуға болады.
Пневмококкқа қарсы екпеПневмококк менингиттің себебі болуы мүмкін. Бұл екпенің ұлттық күнтізбеге енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Демек, мұны балаларға жоспар бойынша салады, ал ересектер екпені өз еріктерімен алады.
Гемофильді жұқпаға қарсы екпеОл ұлттық күнтізбеге әлі енгізілген жоқ, бұрынғыдай адамдардың өз жауапкершілігінде қалды. Оны сәйкес лицензиясы бар орталықтарда салдыруға болады. Ол кейбір біріктірілген вакциналар (бұл бір мезетте бірнеше аурудан қорғайтын вакциналар) құрамында болады.
Тұмауға қарсы екпеЖыл сайын егіледі. Вакцинаны ересектер мен балалар өздеріне қалай ыңғайлы және қалай ұнайды, соған сәйкес тегін және ақылы түрде салдыра алады. Екпе тұмаудың, соның ішінде менингиттің асқынып кету қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Қызылша мен паротитке қарсы екпеВакцинациялаудың ұлттық күнтізбесіне енген, ол қызамықтан да қорғайды. Балаларға жоспар бойынша салынады. Екпе салынбаған ересектер оны өз беттерінше салдырулары керек.
8. Менингиттен кейін мүгедек болып қаладыБактериялық менингиттен кейін сауыққан адамдардың 20%-і мүгедек болып қалады. Бұл өте көп. Менингиттің кең тараған асқынулары – есту қабілетінің төмендеп, мүлдем саңырау болып қалу.
Менингиттің басқа асқынулары:— Жадының бұзылуы.
— Үйренудегі қиындықтар.
— Мидың зақымдалуы.
— Жүріс пен координацияның бұзылуы.
— Құрысу.
— Бүйрек жетіспеушілігі.
— Есеңгіреу.
— Аяқ-қолдан айырылу. Кейде миды ғана емес басқа дене мүшелерін де зақымдайтын менингококк жұқпасының кесірінен аяқ-қолды кесуге тура келеді.
— Өлім.
9. Менингитпен ауырмау үшін суық тигізбеу керекБұл сөзде біраз шындық бар: ЖРВИ (соның ішінде тұмау) мен менингиттің алдын алу шаралары бір-біріне қатты ұқсайды. Бактерия немесе вирус жұқтырып алмас үшін:
— Қолды сабынмен жиі және мұқият жуып жүру керек. Әсіресе ЖРВИ белең алған кезеңдерде.
— Сырқат адамдармен араласпау керек.
— Ауырмас үшін немесе денсаулыққа көп нұқсан келтірмей сауығып кету үшін салауатты өмір салтын ұстану керек.
Бірақ ең басты шара — бактериялар мен вирустардан қорғайтын барлық қолжетімді екпелерді салдыру.
Дереккөз: bilim-all.kz