Бір аса бай саудагер төрт әйелімен бірге өмір сүреді екен. Әйелдерінің ішінен ең жасы- Төртінші әйелін бәрінен де артық жақсы көргенімен қоймай, оны барлық қымбат әшекейлермен жасандырып, тілегенін дүниелерін алып береді екен. Бірақ ол әйелінің Саудагерге көрсететін жақсы қылығы шамалы болса керек.
Саудагер Үшінші әйелін де жақсы көреді екен. Ол бұл әйелін басқаларға қызықтырып көрсетуге құмар болса керек. Өйткені үшінші әйелі өте сұлу екен. Сондықтан да басқа байлар мұнымды тартып алып қоймасын деп тағы өлердей қорқатын көрінеді.
Екінші әйелі Саудагер үшін нағыз ақылды, білімді, ойлы жақсы адам екен. Сондықтан да Саудагер қандайбір мәселе шықса басқа әйелдерімен емес, осы әйелімен көбірек ақылдасады екен. Бұл әйелі қиыншылық кездессе, басына іс түссе үнемі жанында болатын көрінеді.
Саудагер ең Алғашқы әйелін онша жақтыра қоймайды. Алғашқы әйелі өте адал, тірліктің барлық тауқыметін көтеріп жүрсе де Саудагер күйеуі оны онша елеп-ескермейді екен.
Бір күні Саудагер ауыр науқасқа шалдығып, өзінің бұ дүниелік болмайтынына көзі жетіпті. Сосын өзіне-өзі: «Менің төрт әйелім бола тұра өлімге жападан-жалғыз баруым керек пе? Жұмаққа болса да, тозаққа барсам да жалғызсырап жүргім келмейді» депті.
Сосын Төртінші әйелін шақырып алып: «Мен сені барлығынан да артық жақсы көремін. Қолымнан келетін барлық жақсылығымды саған арнайтынмын. Бірақ менің сүретін өмірім аяқталуда. Енді ана дүниеге де сенімен бірге барғым келеді» депті. Сонда ең сүйікті Төртінші әйелі: «Ешқашан сенімен бірге барғым келмейді» депті те бөлмеден жүгіре басып шыға жөнеліпті. Оның бұл сөзі Саудагердің жүрегіне пышақ сұққандай әсер етеді.
Кәрі Саудагер Үшінші әйелін шақырып алып әлгі тілегін айтады. Ол да: «Жоқ, сенімен бірге бара алмаймын. Қазіргі өмірім өзіме ұнайды. Жалпы мен, сен өлген соң басқа байға тиемін» деп шығып кетіпті. Бұл суық сөз Саудагердің жүрегін мұздай қариды.
Екінші әйелі кіріп келеді. Кәрі Саудагер тағы да тілегін айтқанда: «Адал некелескен күйеуімсің ғой, бірақ мен осы жолы сенің қайғы-мұңыңды бөлісе алмаймын. Сені тек соңғы сапарыңа шығарып салғанша ғана бірге боламын» деген ғана жауап айтады. Бұл жауап бай Саудагердің көңілін құлазытқаны сондай, өлімге қарай бір табан жақындата түскендей болады.
Ең соңында бөлмеген арып-шаршаған, күш-қуаты әлдеқашан азайған алғашқы қосағы кіріп келіп: «Мен өзіңді ешқашан тастамаймын. Мен өмір бойы сенімен бірге болдым, өлгенде де бірге боламын.» депті. Осы кезде Саудагер көзіне жас алып: «Мен сені басқалардан артық жақсы көріп, сәт сайын қамқорлық жасай алмағаныма қатты өкінемін» деп құшақтай алыпты…
Шындығын айтсақ, төрт әйел дегеніміз біздің өміріміздің азғана ғана бөлшектері болмақ.
-Төртінші әйел – біздің Денеміз. Денемізді қанша мәпелеп, сәндеп, жақсы көрсетуге тырыссақ та әлдебір уақыт болғанда ол бізден бөлініп бөлек қалатын болады.
-Үшінші әйел-біздің Лауазым, Дүние-мүлік, жинаған Байлығымыз. Бірақ біз өлген соң ол басқа біреудікі болып кетеді.
-Екінші әйел-біздің Достарымызбен, Отбасымыз. Бізбен үнемі бірге болса да өлген кезімізде қоштасып, шығарып ғана сала алады. Басқа ештеме олардың қолынан келмейді.
Ал Алғашқы әйел-біздің бастан кешкен күллі Өміріміз, оның әрбір сәті. Сіз оның қадірін түсінбейтінсіз, баға жетпес қымбат екендігін ойға да алмайтынсыз. Бірақ, ең соңғы сәтте, өлгенде барлық өміріміз, сол жақсы сәттердің бәрі бізбен бірге еріп кетеді, көміледі…
© elana.kz