Кездейсоқ оқиғадан бағым жанып, бизнесмен болдым
24.05.2018, 13:03

Кездейсоқ оқиғадан бағым жанып, бизнесмен болдым

Қарапайым адамның ойламаған жерден байып шыға келіп, бизнесмен атануы үшін не істеу керек? Кейде ондай жетістікке тек сәттілікпен, ал кейде үлкен еңбекпен жетеді. Алайда сәттілікпен келген байлықты сақтап қалу үшін де еңбек , білім керек. 

Ауылға асқа барған едік, қайтар жолда көлігіміз шұңқырға түсіп кетті. Екі бірдей дөңгелегіміз зақымданыпты. Амал жоқ, қасымыздан өткен көліктен көмек сұрауға тура келді. Рөлде 50-ге таяп қалған жгіт ағасы екен. «Жігіттер, ең жақын дөңгелек жөндеу орталығы 70 шақырым жерде, мен ала барайын, жасатып, ағылып жатқан көлікпен қайтасыңдар, мынаны арнайы орталыққа бармаса жасау қиын»,- деді. Келісе кеттік. Дүңкиген джип су жаңа екен. Ер адамдардың әңгімені көліктен бастайтын әдеті. Нешеге алдыңыз, қай жылғы деп жатырмыз. Көрші ауылда туып-өскен азамат екен.

Атын сырттай естуіміз бар. Ірі бизнесмен, аяқ асты байып кетті дейтін. Суыртпақтап сыр сұрадық. Ол кісі де тартынбады. Бизнеске қалай келгенін айта бастады. -Ауылда қарапайым отбасында туып өстім. Жалғыз шешем, екі қарындасым бар. Мектеп біткен соң әскерге кеттік. Келген соң әйтеуір бағым жанып, сырттай оқуға түсіп, ол кездегі милицияның күзетпен айналысатын құрылымына жұмысқа тұрып кеттім. Одан кейін Совет Одағы құлады. Тәуелсіз ел болдық. Біздің бөлім басында полиция құрамында еді, кейін қысқартылып, қысқартылып жеке күзет фирмасына айналды. Қаржы саласына қатысы бар құрылымдарға жауаптымыз. Мен ақша айырбастау пунктін күзетемін. Басында «обменник» жұмысы баяу сияқты еді, кейін қызып берді.

Күн сайын миллиондаған теңге айналып жататын. Бір «обменник» кейін онға жетті. Иесінің де жағдайы жақсарып сала берді. Банктердің біріне ақша салып, ірі қаржы құрылымының акционеріне айналды. Күнде бір нысанды күзеткен соң ақша айырбастау ісінің бүкіл қыр-сырын түсініп алдым. Сөйтіп жүріп оншақты жыл өте шығыпты. Бір күні ауылға туған күнге барып, жігіттермен аздап тойлаңқырап жіберіппіз. Ертесі жұмысқа келуім керек деп қиғылықты салсам керек, класстастарым таң ата жұмыс орныма әкеп тастап кетіпті. Бедел бар. Оншақты жыл бір орында отырған соң, бәрі таниды, кім не десін?! Түске дейін тыныш болған, түске қарай кассир қыз «аға бастық келеді екен, сәл ес жисаңыз», деп өтініш айтып кетті. Жуынғансып отырдым. Бірақ әлі де қызуым тарқамаған. Сәл іштей қыылықтап тұрмын. Өйткені мені өмірі қызу көрмеген, оның үстіне соңғы үш жылда мұда бірде-бір рет бас сұқпаған. Маңдайға жазғанды көріп алармыз дедім, іштей. Түс ауа бастығымыз келді. Күзет болған соң күтіп алу, есік ашып, жол көрсету парыз.

Күтіп алып, амандасып, есік ашып жатырмын. Бастықпен бірге екі жігіт кірді. Бірге жүрген атқосшылары ғой деп ойладым. Бірақ әлгі екеуі касса маңында қалды. Бастық болса ішін тез шолып, кассадағы қызбен әлгі екеудің біреуі қалтасынан тапанша шығарып, бастыққа қарай бағыттағанын байқап қалдым. Қызулық па, не екенін білмеймін, бастықты кеудеммен жауып тұра қалдым, тырс, тырс еткенін білемін. Пистолеті осечка берді. Сол сәтті пайдаланып, өзіне қарсы атылдым. Жамбасқа салып, атып ұрдым да, орнынан тұра алмастай соққы беріп, есікке қарай жылыстап бара жатқан екіншісін ұстап үлгердім. Оның да аяқ-қолып қайырып, байлап, рациямен жедел топқа хабар бердім. Олармен бірге полиция да жетті. Бастығым «обменникті» сатуды ойлап жүрсе керек, жолай өз көзімен кіре кетейін деп ойлаған. Көлігінен түсіп, ғимаратқа беттегенде артынан ерген екеуін клиент деп ойлап, мән бермеген. Екі қаскөй біреудің тапсырысымен «өлтіруге» келгендер екен. Кейін ол біреудің бизнесті бірге бастаған жақын досы екені белгілі болды. Бұл банк бизнесіне кетпек болған. Ол осы «обменникті» ары қарай жалғастырғысы келіпті. Екі ортада дүниеге талас болып, ол мұны өлтіруге тапсырыс берген. Кейін олар ұзақ жылға сотталып кетті. Бастық өмірін сақтап қалғаным үшін алғыс айтып, әлгі серіктесінен материалдық басқа да шығындарын өндіріп алған, соның ішінен маған сенің үлесің деп әрі өмірін сақтап қалғаныма алғысым деп «обменикті» басы бүтін сыйға тартты. Күнде көріп жүрген іс ақша айырбастау ісін дөңгелетіп алып кеттім. «Ақшаны ақша тартады» деген рас бұдан бөлек бірнеше істі жолға қойып үлгердім. Қазір қалада оншақты «обменнигім» бар. Сол оқиға болмағанда бүгінгідей бизнесмен атанбайтын ба едім, білмеймін. Күзетте отырып жиған тәжірибе болмаса, ары қарай жүргізу де қиын болатын ба еді? Әйтеуір осындай оқиға болды. Бәрі маңдайға жазған жазу ғой. Біз қанша тон пішсек те, маңдайға жазғаннан аспаймыз. Осылай жігіттер, – деп аяқтады әңгімесін ағамыз. Қызу әңгімені естіп отырып, дөңгелек жасайтын жерге жетіп қалыппыз. Ағамыз қоштасып, қалаға келгенде хабарласыңдар, бизнес туралы әлі талай нәрсе айтып беремін, деп қалды.

 

Дереккөз: 7kun.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер