Көрменің ашылу салтанатына ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы – «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ-нің директоры Махмұт Қасымбеков пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев және облыс зиялылары мен жастары, БАҚ өкілдері қатысты.
Шарада сөз алған Махмұт Қасымбеков көрмені шырайлы Шымкент қаласында өткізу кездейсоқ емес екенін атап өтті.
«Бүгін аяулы Алматыдан кейін көрмені шырайлы Шымкент қаласында ашқалы отырмыз. Әрине, бұл кездейсоқ емес. Себебі, Оңтүстік Қазақстан облысының еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы рөлі аса зор. Екіншіден, бұл өңір - халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінің кеніші, ана тілімізбен ұлттық құндылықтарымыздың қаймағы бұзылмаған ордасы. Сондықтан Шымкент баршамыз үшін әрі ыстық, әрі жүректерімізге жақын. Көрменің аясында киелі Түркістан қаласында кездесулер және облыстың бірнеше оқу орындарында семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылатын болады. Сондықтан, бұл көрме облыстың мәдени және рухани өмірінде елеулі оқиға болады деп үміттенеміз»,-деді М.Қасымбеков.
Көшпелі кешен көрмесі «Көшбасшы жолы», «Көшбасшы феномені», «Әлем таныған, Көшбасшы», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» атты төрт бөлімнен құралған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғаш рет Оңтүстік жұртшылығына Н.Ә. Назарбаевтың өзге елдің басшыларынан берілген жоғары мемлекеттік наградалары, қазақстандық авторлар және мемлекет басшылары тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, Елбасының шет тілдеріне аударылған кітаптары ұсынылып отыр.
Мазмұны мен деңгейі тұрғысынан аса маңызды іс-шараның Оңтүстік өңірінде өтуі үлкен мәртебе, әрі зор мақтаныш екенін айтқан облыс әкімі кешенді жылжымалы көрменің ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы Қазақстан тарихындағы шешуші кезеңде еркіндік пен тәуелсіздікті аңсаған халықтың асыл арманын орындады. Қысқа мерзім ішінде еліміз жүз жылға татыйтын ғажайып даму кезеңін артқа тастады. Еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда айрықша өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты жақсарды. Бұл көрмеде қонақтар Ұлт Көшбасшысының осынау тағылымы мол еңбектерімен де таныса алады. Демек, бұл шараның тұрғындарға, әсіресе, еліміздің жастарына берері мол», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жоба аясында халықаралық ғылыми конференция, аймақтық кәсіби сессия, шолу және тақырыптық экскурсиялар өтеді. Сондай-ақ, «Түркістан» концерт залында Президент оркестрінің концерті ұйымдастырылады деп күтілуде.