Мәскеуде Төлеген Айбергенов рухы асқақтады
05.12.2017, 19:11

Мәскеуде Төлеген Айбергенов рухы асқақтады

«Байтақ мекенім» қоғамдық қорының бастамасымен Ресей астанасы Мәскеуде ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығына орай «Бір тойым бар...» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды silteme.kz.

Творчествалық кешке жүзден астам поэзия сүйер қауым жиналды. Олардың қатарында ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен Мәскеуде білім алып жатқан қазақ студенттері бар. Мәдени шара қазақ және орыс тілдерінде өтті. Сахна төрінде ақынның өлеңдері оқылып, бірнеше әні шырқалды. Атап айтқанда, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісова және «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, танымал әнші Роза Әлқожа және ақынның қыздары Салтанат, Махаббат, Құсни, Айнар және тағы басқа поэзия сүйер қауым сөз сөйледі. Ал кешке жиналған қонақтар қол соғып, қошемет көрсетті.    

«Төлеген Айбергеновтың есімі ел жадында мәңгі сақталып қалары сөзсіз. Қай қалаға барсақ та, ақынға деген құрмет ерекше. Осындай ауқымды шара биыл Ақтөбе облысы Байғанин ауданында өткен еді. Сонымен қатар, Бесқаланың Нөкіс қаласындағы Бердақ атындағы университеті мен Әжинияз атындағы педагогикалық институтында, ақынның кіндік қаны тамған «Таң нұры» ауылында да шығармашылық кеш өтті. Шараға танымал ақындар Қасымхан Бегманов және Бауыржан Бабажанұлы мен ақынның ұрпақтары түгел қатысты. Бұл ретте Т.Айбергеновтің шығармашылығын насихаттауда Қоңырат ауданындағы Төлеген Айбергенов атындағы орта мектеп директоры Жеткізген Сәрсенбаев деген азаматтың елеулі үлес қосқанын айтып өткеніміз жөн болар», - дейді «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының төрағасы Сәбит Тоқымбетов.

Сондай-ақ, белгілі болғандай ақынның кейбір өлеңдері бұған дейін орыс тіліне аударылса, биыл түркиялық ғалым Оғыз Доған түрік тіліне, Бұлбұл Матай қытай тіліне, Баходир Убайдуллауғлы өзбек тіліне аударуды қолға алған.  

Айта кетейік, алдағы уақытта Шымкент қаласында Төлеген Айбергенов атындағы ғылыми-зерттеу орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастаманы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Оңалбай Аяшевтың өзі қолдаған. Яғни, «Төлегентану» ғылыми-зерттеу орталығы арқылы ақынның өмірі мен шығармашылығын терең зерттеу көзделген.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер