1999 жылы 1 наурызда құрылып, бүгінде еліміздің дамуына және қоғамның тұрақтылығына басшылық жасап келе жатқан Елбасының партиясы дәл осы ғимаратта қызметін бастады. Алматылықтар үшін мұның ерекше рух көтеретіндей оқиға екені рас.
Музей қорында «Нұр Отан» партиясының құрылуы мен 19 жылдағы тарихи сәттерінің қалыптасу кезеңдерін айқындайтын шежірелі деректер мен құжаттар жинақталған.
Партия Төрағасының тәуелсіздікті орнатудағы айрықша еңбегі, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық аренадағы Қазақстан жетістіктерінің танылуындағы басшылық рөлі туралы тарихи материалдар (Елбасының жазған кітаптары, профессорлық мантиясы, партиялық билеті т.б.) рухани құндылықтарымен назар аудартады. Мұражаймен танысқан жұрт партия Төрағасының қарапайым отбасынан шыққанын, металлургиялық комбинатта ауыр еңбекте шыңдалып, партия мен үкімет қызметтерінде сыннан өткенін білетін болады.
Музейдің тағы бір ерекшелігі – партия тарихын бейнелеуде бүгінгі күннің дизайнерлік безендіруі және жаңа технологияның мүмкіндіктері ұштастырылған. Сол арқылы тұтас композиялық құрылым жасалған. Дәстүрлі мұражайлық шыны көрмелердің орнына интерактивтік панелдер (multi-touch-screen) орналастырылған. LED-экран арқылы 10 гигабайт көлеміндегі цифрлы экспозициялардың мол мұрағаты берілген.
Музейді ашудағы негізгі мақсат – еліміздің тарихи-мәдени және қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды ақпараттарды кешенді түрде жинақтай отырып, партия тарихына қатысты құжаттарды жүйлендіру, сақтау және халық арасында кеңінен насихаттау.
Іс-шараға партияның Саяси кеңес бюросының мүшесі, қалалық филиал төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, қалалық филиалдың Бюро мүшелері мен партия ардагерлері қатысты.
– Алматыда партия мұражайының ашылуы – бұрынғы өткен ұмытылмас кезеңдерімен, партия тарихымен жете танысудың жаңаша мүмкіндігі деп санаймын. Партия көшбасшысының бүкіл өмір жолы – бүгінгі жас ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды ғұмыр. Сондықтан туған еліміздегі қымбат құндылықтарымызды қастерлеуге және адамдардың олармен танысуына осындай мүмкіндік жасауға тиіспіз, – деді партияның қалалық филиал төрағасы Бауыржан Байбек.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының қатарына елге еңбегімен танылған білім, денсаулық және мәдениет пен бизнес саласының өкілдері салатанатты түрде партия қатарына қабылданды. Жаңа нұроатандықтарға партия билеттерін Бауыржан Байбек табыстады.
Жолдасбек Дуанабай