Жастар саясатын жүзеге асыру мәселелерін талқылау үшін 500 астам адам жиналды. Форумға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, қалалық мәслихат депутаты Асхат Оралов, «Астана Жастары» ресурстық орталығының басшысы Әнуар Нұрпейісов және т.б. қатысты.
«Елордада Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында осындай ауқымды форумның өткізілуі біз үшін аса маңызды. Астананың өзіндік «гравитациясы» бар, ол таланттарды, жаңа жобаларды, қаржылық, зияткерлік және әлеуметтік капиталды өзіне тартады. Мемлекет басшысының осы сөздері Астананың қайталанбас атмосферасының тереңдігін, ерекше энергетикалық аурасын жеткізеді», - деп атап өтті Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Оның айтуынша, Астанада қолға алынған жаһандық жобалар, әсіресе ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу технологияларды, жаңа экологиялық өндірістерді және кәсіптерді, инновациялық экономика мен индустриалды бизнес стандарттарын дамыту жолындағы нақты қадамға айналуы керек.
Форум аясында жасыл технологияларды дамыту және инновацияларды өндірісте пайдалану бойынша жобалар көрмесі ұйымдастырылды, сондай-ақ, тал сабақтарынан тоқылған бұйымдар жасау шеберханасы сияқты әлеуметтік жобалар да таныстырылды.
«Бүгінде біздің шеберхана халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа орналастырады, қазіргі кезде 30 жуық адам оқытылды, мүгедектігі бар 8 адам жұмыс істеп жүр», - деді Best for kids қоғамдық қоры жанындағы Green Tal әлеуметтік жобасының жетекшісі Эмин Аскеров.
Жас кәсіпкер жиналған қауымды әлеуметтік кәсіпкерлікті белсенді дамытуға, осылайша халықтың барлық топтарына жұмыс беру мүмкіндігін ұсынуға шақырады.
«Астана Жастары» ресурстық орталығының басшысы Әнуар Нұрпейісов елордада түрлі жастар субмәдениетінің өкілдері, талантты және креативті тұрғындары тәжірибе алмасатын, шеберлік дәрістері мен тренингтер өткізетін бірыңғай орталық құруды ұсынды.
Форум соңында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Рио-де-Жанейродағы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетуге арналған автошеру ұйымдастырылды.