Заман талабына жауап беретін халыққа қызмет көрсетуші бірегей мекеменің ашылуына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты. Жұмысын тың форматта бастаған орталық Сауран көшесінде орналасқан.
«Бұл ХҚКО екі участокқа бөлінген. Мұнда халыққа негізінен цифрлық жүйеде қызмет көрсетіледі. Цифрлық қолтаңбасы бар азаматтар өзінің телефон нөмірін ЖСБ (ИИН) нөміріне бекітіп, кез келген уақытта компьютер арқылы қажетті электронды анықтама ала алады. Осылайша, компьютерде отырып-ақ қажетті форматта белгілі бір мемлекеттік органнан құжатқа өтінім жолдап, ХҚКО операторымен онлайн-байланысқа шыға алады», - дейді ХҚКО-ны таныстырған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарушы төрағасы Абылайхан Оспанов.
Оның айтуынша, электронды үкіметтің порталы арқылы 700-ге жуық қызметті пайдалануға болады.
«Ең көп сұранысқа ие өтінімдер - мекен-жай туралы анықтама, заңды тұлғалар туралы немесе жылжымайтын мүлік туралы анықтама. Біздің міндет - «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында халыққа аталған қызметтерді пайдалана білуді үйрету», - дейді Оспанов.
Абылайхан Оспанов, сонымен бірге, телефон нөмірін ЖСБ нөміріне бекіткеннен кейін қажетті анықтаманы азаматтар жұмысындағы компьютер арқылы ала алатынын айтады.