Түрлі өнер адамдарының басын қосатын мәдени демалыс орны енді қаладағы Қошқар ата бойы мен Бекет батыр, Асқаров және Бейбітшілік көшелері бойында орналаспақ. Бүгінде арбаттың жобасы жасалынып, аймақ басшысына ұсынылған. Сонымен қатар, бүгінгі жұмысшы топ құрамындағы облыс мәслихатының депутаты Ө.Мелдеханов аталған жоба бойынша өзінің бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Айта кетейік, мұндай ашық аспан астындағы көрмені қолға алу идеясын өңір басшысы Ж.Түймебаев көтеріп, оны жүзеге асыруды қала әкімдігіне тапсырған болатын. Осылайша, таяу күндері қала орталығынан Шымкенттің өз «Арбаты» пайда болып, онда шаһар тұрғындары мен қонақтары жексенбі және мереке күндері суретшілердің көрмесін, кәдесыйлардың алуан түрлерін тамашалай алатын болады.
Аралау барысында облыс әкімі аталған көше бойындағы тұрғындармен тілдесіп, сол көше бойында орналасқан дәмханалардың бірінде келушілермен кофе үстінде, «Арбат» демалыс орны туралы пікірлесті. Сондай-ақ әкім бұл жобаны жүзеге асырудың басты мақсаты ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, тұрғындардың қазақ халқының дәстүрі мен тарихына деген қызығушылығын ояту екенін атап өтті.