Елімізде әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Мамандар "Неке келісім шартына" назар аударуды қажет санайды, деп хабарлайды 31.kz.
Енді елімізде «бәйбішені қорғайтын неке келісімі» жасалмақ
Әділет министрлігінің мәліметі бойынша былтыр жаңа құрылған 140 мың отбасының 51 мыңы дәм-тұзы жараспай айырылысып кеткен. Мамандар діліміз бен дәстүрімізге жат десек те, «Неке келісім шартына» назар аударатын уақыт жетті деп санайды. Айтуларынша, ол ажырасқаннан кейін қамқорлықсыз қалатын әйелдерді қорғауға көмектеседі.
21 жастағы Салтанат Шоланова осы бастан «Неке келісім шартын» ойластырып жүр. Айтуынша, қазір келіншектер үй жиып, тамақ әзірлеп, бала бағумен айналысып жүргенде, ер кісілер білім алып, жұмыс істеп, ақша тауып, мәнсап өсіруге толық қауқарлы. Бұл жайт жұбайлардың жолдары екі бөлініп кеткенде әйелдердің өзін-өзі асырап, қамтамасыз етуіне кедергі болатынын айтады.«Сіздің күйеуіңіз балаңызға алимент төлейді, дұрыс па? Ал сізді кім асырайды? Сіз отбасыға қарадыңыз, белгілі бір жауапкершіліктер болды, сіз де жұмыс істедіңіз, соның бір өтемі болуы керек», - дейді Салтанат Шоланова.
Салтанаттың сөзін психолог Анна Құдиярова да қоштап отыр. «Неке келісім шарты» ажырасқаннан кейін кімге не тиесілі екенін анықтап алуға мүмкіндік береді. Ал бұл болашақта әйелдерге мүліктік, материалдық қолдаусыз қалмауға кепіл болады деген пікірде ол.
«Ертең ажыраса ма, көңіл-күйі тоқалға кетіп қала ма белгісіз, мына жақтағы 4-5 бала әдірем қалады. Сонда 1 айға беретіні 10 мың теңге. Қалталы, аты белгілі адам. Бірақ ол ана жақта котеджде тұрып жатыр. Көрдіңіз бе, әттең тонның келтесі-ай деген. Бәйбішені қорғайтын ешқандай неке келісімі жоқ болып тұр ғой», - дейді психолог Анна Құдиярова.
Сүйген жарымен бірге 18 жыл тату-тәтті өмір сүріп жатқан заңгер Жанкелді Сүлейманов – неке туралы шартқа отырғандардың бірі. Оның айтуынша, кеңестік заманда жұбайларда бөлісердей мүлік болмаған, сондықтан бұл шарттың да қажеттілігі тумаған. Ал қазір кей дәулетті отбасылырдың ортақ қазынасы жүздеген миллиондарға дейін жетеді, оны заңмен бөлмесек, екі ара дау-дамай жаға жыртысуға дейін жетеді дейді ол.
Маманның айтуынша, ата-аналар ажырасқанда балалардың ортақ мүлікке құқығы жоқ. Сондықтан ең бірінші кезекте, шартта балалардың сыбағасы бөлек ескерілуі керек. Сондай-ақ, қолданыстағы мүліктің барлығы отбасы мүшелеріне тіркелуі тиіс.
«Зәулім үйде тұрады, 5 көлігі бар, баршылықта өмір сүріп жатады. Ал ажырасуға уақыт таяғанда жылжымайтын мүліктің барлығы әкесінің атында, көліктері компания атында, өзге заттары аға-інілерінің атына аударылып қойған болып шығады. Әйелдің бұл жағдайда ештеңеге иелік етуге құқығы болмай шығады», - деп түсіндірді заңгер.
Тағы бір айта кетерлігі, зорлықпен, күштеп қол қойдырылып алған, екі тараптың құқықтары тең ескерілмеген «Неке келісім шартының» сотта ешқандай күші болмайды екен.
Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13