Қор жинауды неге құнттамаймыз?!
17.05.2018, 15:05

Қор жинауды неге құнттамаймыз?!

Әр ата-ананың ұрпақ алдындағы мін­деті – жақсы тәрбие мен білім беру. Тәрбиені әркім өз ақыл-санасына, парасат-пайымына, тұрмыс-тіршілігіне қарай беретіні анық. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Білімге келсек, баласы «жерде қалмас үшін», жоғары білімді болғанын қалайды. ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, бағы мен бабы қатар шапқан талапкер мемлекеттік грант иегері атанатыны анық. Биылғы талапкерлердің бағына орай, Елба­сының тапсырмасымен, мемлекеттік грант­тардың саны тағы да 20 мыңға артып отыр. Ал грантқа ілікпей қалған ұл-қызды әке-ше­шесі ақылы оқытамын деп, қалтасы көтер­месе де, қарызға батып, несие алып жанта­ла­сып жатады. Барлығымыз баламыз­дың жо­ғары білімді болғанын қалағанымызбен, оның болашағын бүгіннен ойлап, оқуға деп қаржы жинақтауға мән бермейміз. 5-6 жыл бұрын қамдансақ, ең құрығанда бір жылдық оқу ақы­сына жететін қаражат жинақтауға болады.

Жақында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қазақстандықтарды бала­ларының оқуына деп ақша жинауға шақырған еді. Өйткені студентті ақылы оқытамын деп қарызға батқаннан, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, шамалы болса да қаражат жинап алған тиімді. Үкімет білімге арналған салымдар­дың санын арттырып, халықты қаражат жинақтауға ұмтылдыру үшін 2013 жылы арнайы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін құрған болатын. Осы жүйе бойын­ша депозит ашқан салымшылар жина­ғының сақталуына мемлекет кепілдік береді. Банктің 12-13 пайыз сыйақысының үстіне, мемлекет 5 немесе 7 пайыз сыйақы тағы қосады. Жинақтау мерзімі – 3 жылдан 20 жылға дейін. Салымның ең төменгі сомасы – 3 АЕК, яғни шамамен 7,5 мың теңге. Депозит болашаққа, баламның оқуы­на деп ашылғаннан кейін, тек осы мақсатта ғана жұмсалады. Егер грантқа түсіп жатса, жинақталған ақшаны мемле­кеттік сыйақы­мен қоса шешіп алуға неме­се басқа баланың атына аударуға болады.
Қазіргі кезде мемлекеттік жинақтаушы жүйеде 18 мыңдай салымшы тіркелген. Алайда 18 миллион халық үшін бұл сан теңізге тамған тамшыдай ғана. Неге қазақ­стандықтар баланың біліміне деп қаражат жинауға құлықсыз? Осы орайда сарап­шылар «біріншіден, халықтың әлеуметтік жағдайы қор жинауға қолбайлау, екіншіден, елдің қаржылық жүйеге деген сенімі жоқ, үшін­шіден, қазіргі қоғамда ұзақ мерзімге қаражат жинау мәдениеті қалыптаспады» деп тұ­жырымдайды.
Экономист Арман Байғанов мемлекет­тік жинақтаушы жүйе ұсынатын пайыздық сыйақы кез келген екінші деңгейлі банктер ұсынатын сыйақыдан да, жылдық инфля­циядан да жоғары екенін алға тартады.
– Банк пен мемлекеттің беретін сыйақы­сын қосқанда жылына 21 пайыз болады, мұндай «ставка» еш жерде жоқ. Оның үстіне, қарапайым депозиттердің сыйақысы төмендеп келеді. Ал инфляция деңгейі жылына 5-6 пайыз, 8 пайызға барған күннің өзінде, пайыздық сыйақыны инфляция жеп қояды деп қорқудың қажеті жоқ. Сондықтан бұл өте тиімді қаржылық инструмент болып тұр. Ал сұранысқа ие болмай тұрған себебі, тұрғындардың табысы артық салым жасап, жинап отыруға жет­пейді. Ертеңгі күнге деген сенім жоқ. Осы күнге дейін теңгенің құн­сыздануынан беті қайтып қалған қоғам­ның ұзақмерзімді депозиттерге ақша салмай отыруы да заңды. 15-20 жылға, ұзақ уақытқа салынған қаржының қайтарымы болаты­нына се­німсіздікпен қарағандықтан, сұра­ныс тө­мен. Екіншіден, көпшілігінің мұндай жүйе бар екені, оны мемлекеттің кепілден­діре­тіні туралы хабары аз. Оның үстіне, көп­­теген қазақстандықтардың басында бас­­панасы жоқ, барының өзі ипотекаға алған. Тапқан табысы бүгінгі тіршілі­гінен артылмай жүргендердің баланың біліміне қаржы жинау туралы ойлауға мұршасы жоқ. Ал жағдайы жақсы азаматтар білім депо­зитіне ақша жинап әуреленбейді. Дегенмен депозит ашып, тұрақты түрде салым жасап тұрса, мемлекеттік сыйақы­ныңда арқасында жақсы өсім береді, – деп пайымдайды Astana Best Consulting Group сарапшысы. Экономистің «қазақстан­дықтар үшін білімге қаражат жинау – бірінші орында тұрған жоқ» деген ойымен әлеуметтанушы, Экономика институты­ның ғылыми қызмет­кері Айсұлу Тұрсын­байқызы да келіседі. Оның айтуынша, Қазақстанның қазіргі жағдайында жоғары білім тегін болуы тиіс.
– Осы уақытқа дейін жүргізілген әлеу­меттік сауалнамалардың нәтижесі көрсет­кендей, халықтың төлем қабілеті жоғары емес. «Айлық табысты неге жұмсайсыз?» деген кезде, тұрғындардың 60 пайыздан астамы азық-түлік, коммуналды қызмет, несие, күнделікті қажеттіліктен артыл­май­ты­нын айтты. Қалған 40 пайызы артылғанын «қыдыру немесе шетелде демалуға жұм­саймыз» деп белгілейді. Депозит ашып, білімге, болашаққа қор жи­найтындардың қатары аз. Қазақ­стандықтардың басым көпшілігі айлығын шайлығына жеткізумен келеді. Теориялық тұрғыдан алса, бірыңғай жинақтаушы қорына «орта тап» өкілдері қаржы салып отыруы тиіс еді. Әлеуметтану ғылымында «Маслоу пирамидасы» деген ұғым бар. Адам өзінің қарапайым қажет­тілігін қанағаттандырмай, өзін-өзі дамыту, білім алу, кәсіп үйренуді қолға алмайды. 2000 жылдардың басымен салыстырғанда, 2016-2017 жылдың соңына қарай қазақ қоғамы өз қажеттілігін орта деңгейден жоғары көтерді. Қазіргі кезде азаматтар өзін-өзі дамыту бағытындағы қажеттілік­терді қана­ғаттандыруға ұмтылуда. Дегенмен жоғары білімге арнайы ақша жинау қан­шалықты кең тарайтыны белгісіз, өйткені жоғары білім Еуропаның дамыған елдерінде тегін. Қазір халықтың төлем қабілетін ескере отырып, жоғары білімді тегін қылу қажет деген идеялар айтылып жатыр. Былтырдан орта кәсіптік-техникалық білім тегін болды, ал жоғары білім алам деушілерге биыл қосымша 20 мың грант бөлінеді.
Бұл – дұрыс бағыт. Оқу ақысы қымбат болған­дықтан, әр ата-ана баласын грантқа түсіруге ұмтылады. Ал ақшасы бар адам баламды қалай оқытам деп қиналмайды. Егер Қазақстанда кәсіби білікті мамандар легін қалыптастырамыз десек, дамушы қоғамда білім үлкен капитал болуы керек. Дәл Қа­зақ­станның қазіргі әлеуметтік жағ­дайында жоғары білім тегін болуы тиіс, – деп тұжырымдайды әлеуметтанушы.
Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесінде депозит ашып, орта есеппен айына 10 мың теңге салып отырсақ, жыл со­ңында мемлекеттік сыйақының өсімімен 144 мыңдай болады екен. Тұрақты түрде 5 жыл үзбей жинап отырған адамның салымындағы қаржы 1 миллионнан аспақ. Алайда «Нұрбанктің» басқарма төрағасы Эльдар Сәрсенов баспасөз өкілдерімен арнайы кездесу барысында қазақстан­дықтардың қоғам ретінде әлі де ұзақмер­зімді қаржылық жоспарлауға пісіп-жетіл­мегенін айтқан еді. «Егер батыстық тәжі­рибеге жүгінетін болсақ, оның болашағы зор. Өйткені біздегі оқу ақысы өзге елдер­дегідей, жылдан-жылға қымбат­тап келеді. Қазақстанда білімге арналған жинақтарды мемлекеттік қолдау, субци­диялау бар.
Бес жыл бойы жылына 20 пайыздық сыйақы – өте жақсы ұсыныс. Алайда осы бағыттағы несиеге деген үлкен сұранысты байқамадық. Меніңше, біздің қоғам ұзақмерзімді қаржы­лық жоспарлауға әлі дайын емес. Әдетте, ата-аналар бала­сының жоғары білімі жайлы бір жыл қалғанда ғана ойлана бастайды. Осыған байланысты бес жылдық жоспарлау елдің бәріне қолайлы бола бермейді. Сондық­тан білімге арналған депозиттер барлық салым­дардың он пайызына да жетпейді» дейді банкир.
Білім және ғылым министрлігі алдағы уақытта ЖОО-лар ақылы бөлімінің оқу ақысын өздері белгілейтінін мәлімдеді. Осыған орай, ақылы оқудың құны шарық­тап кетуі бек мүмкін. Ұл-қызымыз мектеп бітіргенде, «грантқа ілікпеді» деп алашап­қын болғанша, алдын ала қамданып, қаржы жинап қойған әлдеқайда тиімді.

Үмітжан ЖАПАР

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер