Показать содержимое по тегу: Бибігүл Төлегенова
КСРО-ның Халық Әртісі Бибігүл Төлегенова Qazaqstan арнасындағы "Бақытты әйел" бағдарламасына келіп, сұхбат берді, деп жазады Today.kz. Сұхбат барысында құрметті әнші отбасылық жағдайын да сөз етті.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық сегізінші байқауының жабылу салтанаты мен гала концерті өтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.
Сазды кеште байқау жеңімпаздары мен қазақ классика өнерінің саңлақтары халық алдында өнер көрсетті. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған дәстүрлі өнер сайысында еліміздің барлық аймағынан, сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Башқұртстан, Литва, Ресей, Германия, Чехия, Моңғолия және Болгариядан келген опера саласының әншілері өзара бақ сынасты.
19 – 26 қыркүйек аралығында өткен өнер сайысының ақтық кезеңінде Гран-при мен І, ІІ, ІІІ орын иегерлері анықталды. Талабы таудай жастарды қанаттандырған байқаудың қорытындысы бойынша, алматылық Расул Жармағамбетов өнерімен өрге жүзіп, Гран-при иегері атанды. Өнерлі жастарға жаңадан жол ашқан байқауда Анна Черникова (Молдова, Кишинев қаласы), Ирина Костина (Ресей, Мәскеу қаласы), Бадрал Чулуунбаатар (Моңғолия, Ұлан-Батор қаласы) тыңдарманды талабымен тамсандырып, І орынға қол жеткізді. Байқауда Диана Нұрмұхаметова (Башқұртстан, Уфа қаласы), Таир Тәжіғұлов (Қазақстан, Алматы қаласы) пен Әйгерім Аманжолованың (Қазақстан, Астана қаласы) жұлдызы жанып, ІІ орынды иеленді. Ал Балуан Беркенов (Қазақстан, Алматы қаласы), Ақбота Серікболова (Қазақстан, Алматы қаласы), Джульетта Алексанян (Армения, Ереван қаласы) мен Рустам Алимарданов (Өзбекстан, Кизирик) өнер сайысында өз ортасынан озып шығып, ІІІ орынға қол жеткізді. Халықаралық додада өз өнерімен көзге түскен астаналық Ербол Мұханов пен Бақытжан Сұлтан, алматылық Ілияс Артағалиев байқаудың дипломанттары атанды. Еске салсақ, ұйымдастыру комитеті байқау жеңімпаздарына берілетін жүлде қорын жариялаған болатын. Дәстүрлі өнер сайысында Гран-при – 3 900 000 теңгені, 1 премия – 2 000 000 теңгені, ал 2 премия – 900 000 теңгені құраған болатын. Сондай-ақ, ақтық кезеңге өткен, бірақ, лауреат бола алмаған әрбір қатысушыға дипломнан бөлек 200 000 теңге берілді. Бұдан бөлек, байқаудың арнайы сыйлығы мен үздік концертмейстерлерге берілетін ақшалай сыйлығы да тапсырылды.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық байқауы тек қана өнер сайысы емес. Ол Алматы қаласы мен қонақтары асыға күтетін ән мерекесіне айналып кеткен. Еске салсақ, 19 қыркүйекте Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында байқауға қатысушылардың жеребе таңдау рәсімі болды. Сондай-ақ, журналистерге арналған баспасөз жиыны өтті. Конференцияға VІІІ халықаралық вокалистер байқауының әділқазылар алқасының төрайымы –КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова, Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі Тамара Новиченко, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров, «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диас қатысты.
Конкурсқа 1984 жылдың 1 қазаны мен 1997 жылдың 1 қазаны аралығында өмірге келген өнерпаздар қатысты. Байқау іріктеу және ақтық кезеңінен тұрды. Барлық тыңдалым ел алдында өтті. Әншілердің сахнаға шығу реті жеребе арқылы анықталды. Ал соңғы ақтық кезеңде 12-14 қатысушы бақ сынап, сайысқа түсті. Халықаралық байқау қатысушыларының өнері мен талантын беделді әрі кәсіби білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. Әділқазылар құрамында Михаил Мунтиан (Молдова), Тамара Новиченко (Ресей), Доманский-Кремлинг Ингрид (Германия), Орлин Горанов (София, Болгария), Дамир Басыров (Чехия), Елена Заремба (Люксембург) тәрізді опера өнерінің нағыз майталмандары болды. Халықаралық деңгейдегі өнер иелері қатысушылардың өнерін бағалап, олардың орындауларына қатысты көзқарастарын білдіріп, ақыл-кеңестерін айтты. Конкурсқа қатысуға 61 адам өтініш жазғанмен, түрлі себептерге байланысты келе алмай қалғандықтан, байқауға 52 өнерпаз қатысты. Іріктеу кезеңі және ақтық сайыс Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармония залында өтті. Конкурстың Бас серіктесі – «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Ал ұйымдастырушы – «Мирас» қоғамдық қоры. Вокалистердің халықаралық сегізінші байқауын өткізуге Алматы қаласы әкімдігі қолдау білдірді.
Балнұр Ахмет