вокалистер

Показать содержимое по тегу: вокалистер

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық сегізінші байқауының жабылу салтанаты мен гала концерті өтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Сазды кеште байқау жеңімпаздары мен қазақ клас­сика өнерінің саңлақтары халық алдында өнер көрсетті. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған дәстүрлі өнер сайы­сында еліміздің барлық аймағынан, сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Башқұртстан, Литва, Ресей, Германия, Чехия, Моңғолия және Болгариядан келген опера саласының әншілері өзара бақ сынасты.

19 – 26 қыркүйек аралығында өткен өнер сайысының ақтық кезеңінде Гран-при мен І, ІІ, ІІІ орын иегерлері анықталды. Талабы таудай жастарды қанаттандырған байқаудың қорытындысы бойынша, алматылық Расул Жармағамбетов өнерімен өрге жүзіп, Гран-при иегері атанды. Өнерлі жастарға жаңадан жол ашқан байқауда Анна Черникова (Мол­дова, Кишинев қаласы), Ирина Костина (Ресей, Мәскеу қаласы), Бадрал Чулуун­баатар (Моңғолия, Ұлан-Батор қаласы) тыңдарманды талабымен тамсандырып,  І орынға қол жеткізді. Байқауда Диана Нұрмұхаметова (Башқұртстан, Уфа қаласы), Таир Тәжіғұлов (Қазақстан, Алматы қаласы) пен Әйгерім Аман­жолованың (Қазақстан, Астана қаласы) жұлдызы жанып, ІІ орынды иеленді. Ал Балуан Беркенов (Қазақстан, Алматы қаласы), Ақбота Серікболова (Қазақстан, Алматы қаласы), Джульетта Алексанян (Армения, Ереван қаласы) мен Рустам Алимарданов (Өзбекстан, Кизирик) өнер сайысында өз ортасынан озып шығып, ІІІ орынға қол жеткізді. Халықаралық додада өз өнерімен көзге түскен астаналық Ербол Мұханов пен Бақытжан Сұлтан, алматы­лық Ілияс Артағалиев байқаудың дипло­манттары атанды.       Еске салсақ, ұйым­дас­тыру комитеті байқау жеңімпаздарына берілетін жүлде қорын жариялаған болатын. Дәстүрлі өнер сайысында Гран-при – 3 900 000 теңгені, 1 премия – 2 000 000 теңгені, ал 2 премия – 900 000 теңгені құраған болатын. Сондай-ақ, ақтық кезеңге өткен, бірақ, лауреат бола алмаған әрбір қатысушыға дипломнан бөлек 200 000 теңге берілді. Бұдан бөлек, байқаудың арнайы сыйлығы мен үздік концертмейс­терлерге берілетін ақшалай сыйлығы да тапсырылды.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық байқауы тек қана өнер сайысы емес. Ол Алматы қаласы мен қонақтары асыға күтетін ән мерекесіне айналып кеткен. Еске салсақ, 19 қыр­күйекте Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында байқауға қатысушылардың жеребе таңдау рәсімі болды. Сондай-ақ,  журналистерге арнал­ған баспасөз жиыны өтті. Конференцияға VІІІ халықаралық вокалистер байқауы­ның әділқазылар алқасының төрайымы –КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төле­генова, Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі Тамара Новиченко, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров, «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диас қатысты.

Конкурсқа 1984 жылдың 1 қазаны мен 1997 жылдың 1 қазаны аралығында өмірге келген өнерпаздар қатысты. Байқау іріктеу және ақтық кезеңінен тұрды. Барлық тыңдалым ел алдында өтті. Әнші­лердің сахнаға шығу реті жеребе арқылы анықталды. Ал соңғы ақтық кезеңде 12-14 қатысушы бақ сынап, сайысқа түсті. Халықаралық байқау қатысушыларының өнері мен талантын беделді әрі кәсіби білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. Әділқазылар құра­мында Михаил Мунтиан (Молдова),  Тамара Новиченко (Ресей), Доманский-Кремлинг Ингрид (Германия), Орлин Горанов (София, Болгария), Дамир Басыров (Чехия), Елена Заремба (Люк­сем­бург) тәрізді опера өнерінің нағыз майталмандары болды. Халықаралық деңгейдегі өнер иелері қатысушылардың өнерін бағалап, олардың орындауларына қатысты көзқарастарын білдіріп, ақыл-кеңестерін айтты. Конкурсқа қатысуға 61 адам өтініш жазғанмен, түрлі себептерге байланысты келе алмай қалғандықтан, байқауға 52 өнерпаз қатысты. Іріктеу кезеңі және ақтық сайыс Жамбыл атын­дағы Мемлекеттік филармония залында өтті.  Конкурстың Бас серіктесі – «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Ал ұйымдастырушы – «Мирас» қоғамдық қоры. Вокалистердің халықаралық сегізінші байқауын өткізуге Алматы қаласы әкімдігі қолдау білдірді.

Балнұр Ахмет

Опубликовано в Руханият

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер