Бүгін осы акция аясында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Астана қаласында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, алтын жұлдызын ала алмай кеткен Аманша Меңдіғалиев атамыздың шаңырағына арнайы барып, оның ұрпақтарымен кездесті.
Ⓒqamshy.kzАманша ата әйгілі Панфилов дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрысқа қатысқан. Ауыр жарақатына қарамастан 362-ші өздігінен жүретін артиллерия полкін бастап Берлинге дейін жетеді. Сол жерде Аманша атамыздың батареясы жау әскеріне ойсырата соққы беріп, нәтижесінде Кеңес әскері Германия астанасының шығыс бөлігіне басып кіруге мүмкіндік алады. Осы ерлігі үшін ол бірден Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Алайда сол бір алтын жұлдызға қол жеткізе алмай кетті. Бірақ ерлік ешқашан ұмытылмайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының Жарлығымен Аманша Меңдіғалиевке «Отан» ордені салтанатты жағдайда табыс етілді. Жеті бала тәрбиелеп өсірген ардагер атамыз 28 немере сүйді. Аманша ата 2008 жылы 90 жасында дүниеден озды.
Бүгінде батырдың отын өшірмей, қарашаңырақта ұлы Асылбек Меңдіғалиев отыр. Ол да әке жолын жалғап, әскери өмірді таңдаған. Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары нұротандықтар жаңа бастама арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, ардагерлердің өздері көре алмай кеткен құрметті бүгінгі ұрпақтарына көрсету арқылы жастарды отансүйгіштікке баулуды көздейтінін жеткізді.
– Біз адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста қазақстандықтардың Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты арнайы акцияны қолға алып отырмыз. Бүгін осы бастама аясында нұротандықтар еліміз бойынша қайтпас қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсетсе де өзіне тиесілі батыр атағын ала алмай кеткен ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, олардың ұрпақтарына құрмет көрсетуде. Партия тарапынан осындай ардагерлердің есімдерін мектептер мен көшелерге беруге қатысты да тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Бұны өскелең ұрпаққа ерен ерлікті дәріптейтін игі іс деп есептеймін. Сондықтан біздер өз батырларымыздың ерліктерін мәңгілік жадымызда сақтап, оларға лайықты құрмет көрсетуге тиіспіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өткен мерекелік күндерде «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» акциясы аясында нұротандықтар еліміз бойынша 8 ардагердің отбасына арнайы барып, олардың ұрпақтарымен кездесті. Аманша Меңдіғалиевпен бірге бұл қатарда атыраулық Жәмилә Жұмашева, шығысқазақстандық Балтабек Жетпісбаева, тараздық Ибраим Сүлейменов, қостанайлық Қасым Ахметов, ақтаулық Исатай Сүйеубаев және павлодарлық ардагерлер Сембай Қалиев пен Қабыш Көктаев бар. Бұлар жоғары наградаға ұсынылып, сол марапатын ала алмай кеткен ардагер ата-әжелеріміз. Алдағы уақытта партияның қолдауымен осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, жоғарыда айтқан жүзден астам ардагердің бәрі анықталатын болады. Осы бастаманың нәтижесі ретінде «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты кітап басылып шығарылмақ. Оған аталған ардагерлер туралы жан-жақты мәліметтер, олардың ерліктері жайында тыңғылықты деректер енетін болады.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бүгінде Астана қаласында тұратын өзге де Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Атап айтқанда, партия тарапынан әйгілі Курск шайқасына қатысып, Харьков, Киев қалалары мен Польшаны жаудан азат еткен, биыл 97 жасқа толатын Сейілбек Усин ата мен соғыс жылдары госпитальде жұмыс істеген, майданға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жіберу жұмыстарына да араласып, кейін 2-ші Украина фронтында қызмет еткен Екатерина Писарева әжейге құрмет көрсетілді. Жалпы мереке күні нұротандықтар еліміз бойынша екі мыңнан астам Ұлы Отан Соғысы ардагерінің үйлеріне арнайы барып құттықтағанын атап өткен жөн.
Дереккөз: qamshy.kz