Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңір басшысы еңбек демалысынан соң бірден ауруханаға барып, автобус өрті кезінде аман қалған адамдардың жағдайын білген болатын. Кейін әкімдікте жиын өткізіп, мемлекеттік органдарға жолдарда бақылауды күшейтуді, сондай-ақ тұрақты түрде жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруді тапсырды.
«Ақтөбе облысы халықаралық көлік ағыны өтетін транзиттік өңір болып табылады. Болашақта осындай жағдайды болдырмау үшін көлік бақылау инспекциясы, жергілікті полиция қызметі көлік прокуратурасымен бірлесе осы бағыттағы жұмыстарды күшейтулері керек. Біздегі қалааралық және халықаралық тасымалмен айналысатын барлық автобустарды тексеру қажет», -деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Ырғыз ауданындағы автобус өртенген жерде жұмыс істеген барлық шұғыл және жедел қызметтерге алғысын білдірді.
«Құтқару қызметтері, медицина қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен барлық мемлекеттік органдар тәулік бойы үйлесімді әрі жедел түрде жұмыс істеді. Сол үшін сіздерге көп рахмет. Ең алдымен Өзбекстан тарапы ризашылығын жеткізді. Біздің тарапымыздан оларға жан-жақты қолдау мен көмек көрсетілді. Бұл сұрақ бірінші күннен бастап-ақ Мемлекет басшысының жеке бақылауында»,- деп атап өтті облыс әкімі.