Қала тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Өз кезегінде дінге жауапты басқарма да салафиттер жасырынған және топ болып сауда жасайтын қанша орталықтың барын ашық түрде айтып берді. Басқарманың мәліметінше, түр-тұлғасы күдік туғызатын діншілдердің негізгі орыны “Кар сити”, “Көкбазар” және орталық мешіттің маңы екен. Сондай-ақ, оларды ұялы телефондарды сатумен немесе жөндеумен айналысатын дүңгіршектерден көп кездестіруге болады.
Бұл Алматыдағы Көкбазар мен орталық мешіт маңы. Былайғы өмірде сіз оларды байқай бермеуіңіз мүмкін. Анықтап қарасаңыз, расымен бетін тұмшалаған қыздар мен қысқа балақты, қауқа сақалды жігіттер өріп жүр.
«Бәрімізде имамға ниет етеміз ғой намаз оқығанда. Олар ерекше. бата қайтармай тұрып кетіп қалады. Отырмайды. Тұрып тұрады. Топ боп жүреді өздері. Оларды тоқтатып жатқан ешкім жоқ», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Ғанибек Серіков.
Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма да салафизм ағымының өкілдерінің ең көп шоғырланған орталығына осы Көк базар, кар сити сауда орны және орталық мешіт маңын жатқызып отыр.
«Белгілі бір шоғарланған орталықтар бар екені ол жасырын емес. Бірақ оны біз сырттай ғана анықтай аламыз енді. Яғни, сыртқы бейнесіне қарап», – дейді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Есенбеков.
Алайда басқарма басшысы, олардың артында кімдер тұр деген сұраққа жауап бергісі келмеді. Біз барған мешіт маңындағы саудагерлердің де пікірін сұрап көрдік.
– Көп көреміз.
– Олар мешіттің жанында көп кездеседі. Адам көп жүретін жерлерде. Жоқ емес қой, бар ғой. -Несімен ерекшеленеді олар?
– Балақтары жолақ, сақалдары бар.
Ең қызығы, жай ғана сәйкестік болуы мүмкін, бірақ базар маңын жағалаған сақалдылардың дені ұялы телефон сатумен немесе жөндеумен айналысады екен. Естеріңізде болса, Алматыда полиция бөліміне шабуыл жасап, 5 адамды атып өлтірген Руслан Күлікбаев та бұрын ұялы телефон сатумен айналысқан.