ШҚО-да күш қолданылатын спорт түрлерінен Конфедерация кубогының іріктеу кезеңдері өтті. 4 аймақтан келген 100-ден астам спортшылар белдесіп, үздіктері анықталған жарыста ШҚО дзюдошылары айқын басымдылықпен жеңіске жетті, деп хабарлайды ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған жарысқа жеребе бойынша БҚО, СҚО, ШҚО, Ақмола облысының спортышалы қатысқан. Шараның ашылу салтанатына ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар спортшыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
– Шығыс Қазақстанда күн санап спорттың әрбір түрі дамып келеді. Бүгінгі шараның өтуіне қолдау білдірген қазақ спортының мақтанышы, Әлем чемпионатының қола, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асхат Житкеевке, Конфедерация басшылығы мен демеушілерге ШҚО әкімдігі атынан алғысымды білдіремін. Ал өтіп отырған жарысқа қатысушылар іріктеу сынынан сүрінбей отырып, кейін республикалық, халықаралық, әлемдік чемпионаттарда еліміздің байрағын желбіретеді деген үміттемін, – деді Жақсылық Омар.
Айта кетсек, Конфедерация Кубогына қатысушы спортшыларға да демеушілер қолдау көрсеткен. ШҚО бойынша Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Мұзапаров демеушілік етіп, жарысқа қатысқан әрбір спортшыға спорттық арнайы киімдер әзірлеп берген.
Жарыстың қорытындысы бойынша ШҚО дзюдошылары СҚО спортшыларын 5:0 есебімен және ақтың сында батысқазақстандық спортшыларды жеңіп, айқын басымдылықпен топ жарды.
Естеріңзге сала кетсек, финалдық кездесулер 3-4 желтоқсанда Алматы қаласында өтеді.