Головкин 5 мамырда жекпе-жекке шықпайды - BoxingScene шолушысы
17.04.2018, 15:43

Головкин 5 мамырда жекпе-жекке шықпайды - BoxingScene шолушысы

Сихат Гемичи орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) айналасында болып жатқан жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Оның айтуынша, Головкин 5 мамырда жекпе-жекке шықпайды. "Негізінде мен оның өзінен санаты төмен боксшымен жұдырықтасуына қарсымын. IBF өз ережелерін қатаң сақтайды. Олардың оған құқығы да бар, алайда GGG - нағыз чемпион. Олар Головкинге жеке-дара жағдай жасап беруі мүмкін. Менің ойымша, Головкиннің келесі жекпе-жегі тек қыркүйекте өтеді.

Оның қарсыласы Билли Джо Сондерс немесе Сауль Альварес. Головкинге PPV сатылымдары қажет. Табысқа кенелу үшін тек осы екі боксшымен шаршы алаңға шығу арқылы жетуге болады. Орта салмақтағы басқа қарсыластар ондай аудитория жинай алмайды", - деді Гемичи. Сонымен қатар, Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер 5 мамырға белгіленген жекпе-жек туралы неліктен нақты бір үндеу жарияланбай жатқанын түсіндірді.

 "Барлығы да өзгеріп сала беруі мүмкін. Қазіргі уақытта бірдемені растап не жоққа шығара алмаймыз. Үндеу жариялайын десек, жағдай тым қиын болып тұр. Головкиннің жекпе-жектері бұл әрдайым кең ауқымды шара, сол себепті кез келген нәрсені алдын ала ойластыру керек. Бізде уақыт тым аз. Барлығын шешіп, жекпе-жек ұйымдастырамыз дегенге сенемін", - деді Леффлер

 Осыған дейін, 5 мамырда Головкин MGM Grand аренасында мексикалық Хайме Мунгиеймен (28-0, 24 КО) жекпе-жек өткізуі мүмкін екені айтылды. Сонымен қатар Головкиннің командасы ирландиялық Гэри О'Салливанның (27-2, 19 КО) кандидатурасында қарастырып отыр. 4 сәуірге ауысқан түні мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварестің (49-1-2, 34 КО) жекпе-жектерін ұйымдастыратын Golden Boy Promotions компаниясы арнайы баспасөз жиынын ұйымдастырды. Онда "Канелоның" орта салмақтағы WBA Super, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинмен (37-0-1, 33 КО) 5 мамыр күніне Лас-Вегаста жоспарланған екінші кездесудің өтпейтіні белгілі болды. Бұл баспасөз жиынын соң Головкин де өз пікірін айтып, қандай жағдай болмасын 5 мамырда шаршы алаңға шығатынын айтты. Қазіргі уақытта отандасымызбен кездесу өткізуге бірнеше боксшы дайын екенін айтты.

Олардың қатарында америкалық боксшылар Джермалл Чарло, Деметриус Андраде, украиналық Сергей Деревянченко, ирландиялық Гэри О'Салливан, бразилиялық Ямагучи Фалькао, екінші орта салмақтағы WBO чемпионы Хильберто Рамирес және кіші Хулио Сезар Чавес бар. Сондай-ақ "Канело" жекпе-жектен бас тартқаннан соң Сондерс те Головкинді жекпе-жекке шақырды.

Ол қазақстандық боксшыны барлық белбеу үшін жекпе-жек өткізуді ұсынды. 17 және 20 ақпан күндері Альварестің Мексикада тапсырған допинг-сынамасынан кленбутерол дәрумені табылды. Мексикалық боксшының командасы бұл дәруменнің бұзылған ет арқылы түскенін айтып ақталуда. Наурыз айында Альварес жаттығу лагерін Сан-Диегоға (АҚШ, Калифорния штаты) ауысытып, тағы үш допинг сынақ тапсырды. Олардың барлығы таза шықты. Бірақ Невада штатының Атлеттер комиссиясы (NSAC) уақытша оны жекпе-жектерден шеттетті. Альварестің ісіне байланысты тыңдалып енді 18 сәуір күні өтеді.

Егер боксшының кінәсі анықталса, ол бір жылға дейін шеттетілуі мүмкін. 4 сәуірде Golden Boy промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес Альварес пен Головкин арасындағы екінші кездесу бәрібір де 2018 жылы өтетініне үмітті екенін айтты. Айта кетейік, 5 мамырға белгіленген Головкин - Альварес арасындағы реванш матч Лас-Вегаста T-Mobile аренасында өтеді. Еске салайық, Головкин мен Альварестің алғашқы жекпе-жегі 2017 жылдың 16 қыркүйегінде Лас-Вегаста өткен болатын. 12 раундқа созылған жекпе-жек тең есеппен аяқталған еді. Бірақ бұл нәтижеге көптеген бокс жанкүйерлері мен мамандары қарсы болған еді.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер