Тараптар бірінші кезекте оқулық мазмұнының сапасын арттыру мен сараптамалық қоғамдастықпен ынтымақтастық бойынша ақпараттық мәселелерді дамыту және қазіргі таңда күн тәртібінде өткір тұрған кітап оқу сауаттылығын көтеру бағыттары бойынша уағдаласты.
Шара барысында Ғ.Бейсембаев Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтқан бұқара халықты кітап оқитын ұлтқа айналдыру және ел азаматтарын кітап мәдениетіне баулуға қатысты тапсырмаларын орындау бойынша Медиа алыптарымен тізе қоса, бірлесіп жұмыс жасайтын кездің келгенін атап өтті. Сонымен қатар ол осы ынтымақтастық аясында ақпараттық сүйемелдеуге иек артып, өскелең ұрпақтың оқуға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған жалпыхалықтық флешмоб өткізу туралы ұсыныс жасады.
«Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы – бұқаралық ақпарат құралдарының да басты назарында болуға тиіс. Өйткені бұл тіл мен ділді, экономиканы да қатар қамтиды. Егер осы бағытта сіз бен біз болып, нәтижеге ден қоя ынтымақтаса қозғалсақ, онда алдағы бес жылдың көлемінде қазақ БАҚ-ның дамуына да даңғыл жол ашылар еді», - деді Ғ.Бейсембаев.
«Біздің ұйымдар арасында жасалған меморандумның жоғары құндылығы мен мазмұнын атап өткім келеді. Бас редакторлар клубының барлық мүшелерінің атынан «Оқулық» орталығына әлеуметтік маңызды қызметінде үлкен табыс тілеймін және жемісті ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз», - деді Б.Жексенбай.
Естеріңізге сала кетейік, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі 253 республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының басын біріктіреді.
«Оқулық» РҒПО білімнің мазмұнын бағалау, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау арқылы білімнің сапасын қамтамасыз етуге атсалысады. Орталық өзінің құзіреті шегінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің міндеттемелерін орындап, оқулықтардың сапасын арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың білімін жетілдіру бағытында жұмыс істейді.