Астанада қоғамдық келісім кеңесінің ғылыми-тәжірибелік мәжілісі өтті
22.11.2018, 17:09

Астанада қоғамдық келісім кеңесінің ғылыми-тәжірибелік мәжілісі өтті

21 қараша күні Астана қаласындағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім кеңесінің этносаралық қатынастар жүйесі бойынша азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің өзара ынтымағын үйлестіруші ретіндегі әлеуетін арттыру» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

21 қараша күні Астана қаласындағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім кеңесінің этносаралық қатынастар жүйесі бойынша азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің өзара ынтымағын үйлестіруші ретіндегі әлеуетін арттыру» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараға Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық кеңесі мен ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этномәдени орталықтардың төрағалары, студенттер қатысты.

Конференция барысында этносаралық қатынастар бойынша қоғамдық келісім кеңесі қызметін жаңа тұрғыдан қалыптастыруды, соған қатысты ғылыми ұйымдардың сұрақтарын нәтижелі шешуді, сонымен бірге жалпыұлттық бірлікті нығайту мен қоғамдық келісім тұрақтылығын сақтаудағы тәжірибелік дәйекті ұсыныстардың маңыздылығы талқыланды.

Іс-шараның модераторы «Қоғамдық келісім» КММ директоры, философия ғылымдарының кандидаты, Еуропалық жаратылыстану ғылымдарың Академиясының академигі Нұр-Ахмет Досмұхамет: «Қоғамдық келісім көптеген салада басты шешуші фактор болып табылады. Сол себепті барлық уақытта біз соған жүгінеміз. 

Бүгінгі конференцияда этносаралық қатынастар жүйесінің азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің өзара ынтымағын үйлестірушілік әлеуетін арттыру рөлінің маңыздылығы туралы айтылады», – деді.

«Тұран-Астана» университетінің экономика және бизнес кафедрасының профессоры, Астана қаласының Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Орақ Әлиев «Әлемдегі бірлік пен келісімді сақтаудың рухани-адамгершілік негізі ретінде адам мен социумның өзін-өзі сәйкестендіруі» баяндамасында: «Бейбітшілік, бірлік, келісім, достық, бауырлық деген түбегейлі ұғымдарды біз әрқашан бірге қолданамыз. Бұл ұғымдарды бір-бірінен ажыратуға да келмейді. Өйткені ниетіміз бір.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, сол бірліктің қайнар көзі қайда жатыр деген ойға берілетін болсақ, тақылеттестік деген түсінікке тоқтаймын. 

Талқыланатын тақырыптың теориялық қырларының егжей-тегжейіне тоқтамай, тақылеттестік мәселесіне әдіснамалық көзқарас ретінде келесі тезисті алуды ұсынамын: «адам өзін-өзі сәйкестендірудің бастапқы және соңғы пункті болып табылады». 

Мен өзін-өзі сәйкестендірудің деңгейлері мен эволюциялық қағидаттың және өзін-өзі сәйкестендірудің әртүрлі критерийлерін қамтитын өзіндік бірегейлендіру феноменінің құндылық субординациясының интегралды-базалық өлшемінің негізінде қалыптастырдым, атап айтқанда: этно-ұлттық-өркениеттік; ментальды-мәдениеттану; діни-дүниетанымдық; әлеуметтік-кластық; кәсіби іс-әрекет. 

Қорытындылай келе, теорияны әзірлеу және оған сәйкес өзін-өзі сәйкестендіру тетігін жалпы тарихи логикасы мен құндылық субординациясын ескере отырып игеру, адамдар, этникалық және діни қоғамдастықтар, мемлекеттер және қазіргі заманғы басқа да әлеуметтік құрылымдар арасындағы түсініспеушіліктердің, қайшылықтардың, қақтығыстардың ізгілікті тәсілі бар екенін айтқым келеді. Ол адам баласының білімділігінің нәтижесінде іске асады», – деді.

Өзбекстанның Қазақстандағы Жылының аяқталуына орай, Астана қаласының «Өзбек этномәдени орталығының» төрағасы, исламтанушы, PhD докторы, халықаралық медиатор-тренер, Астана қаласының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Шерзод Пулатов орталықта атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

«Өзбекстанның Қазақстандағы жылы – екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың жаңа кезеңі. Биылғы жыл өзбек тарапының белсенділігімен өтуде. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру барысында, мамыр айында Астанада өткен халықаралық кітап көрмесіне Өзбекстан құрметті қонақ ретінде қатысып, ең жоғары марапатқа ие болды. Шынында да, өзбек тарапының осы көрмеге дайындық деңгейі жоғары болды. Нәтижесінде гран-при Өзбекстан павильонына табысталды.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қатынастарды нығайту жөніндегі жұмыс тұрақты жүргізілді. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі айрықша болды. Осы бірегей достық және бірлік институтының тәжірибесін зерттеуге көптеген елдер қызығушылық танытты. Тәжірибе алмасу және екіжақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында Ассамблеяға Өзбекстан делегациясы келді, 2018 жылғы 28 маусымда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы шет елдермен ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар жөніндегі комитет арасында «Астанаға ыстық ықыласпен» Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында өткен АӨЫСШК елдері ұлттық-мәдени орталықтарының Азаматтық форумының платформасында екіжақты кездесулер нәтижесінде, тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес теңдік, өзара құрмет және өзара тиімділік негізінде қоғамдық-саяси, мәдени-білім беру, ғылыми және ақпараттық салалардағы ынтымақтастықты жүзеге асыруға уағдаласты.

Осы орайда Өзбекстан Қазақстанмен достастық қатынас орнатуда Л. Гумилев атындағы ұлттық университет базасында Әлішер Науаи атындағы өзбек әдебиеті мен мәдениетінің орталығының құрылатынын айта кету керек. Бұл Өзбекстан үшін Қазақстанда тұрып жатқан қандастарының мәдениетін, тілін дамыту мақсатында өте қажет», – деді Ш. Пулатов.

«Silteme.kz» ақпараттық-сараптамалық порталдың бас редакторы, «United Citizens Fund» ҚҚ төрағасы Абылайхан Қалназаров: «Қоғамдық келісім – бұл еліміз үшін маңызды тақырып. Қазақстанда бірнеше этнос өкілдері өмір сүруде. Қазіргі біздің қол жеткізген табысымызға Қазақстанда тұрып жатқан барлық халықтың сіңірген еңбегі зор. Бұл жерде қандай ұлт өкілі екенің маңызды емес, бастысы – бірлікте», – деп атап өтті.

Конференцияның спикерлерінің бірі, Астана қаласының «Ван» армян этномәдени орталығының төрағасы Саак Салумян: «Достық пен бірлік жоқ жерде мемлекет пен ұлт болмайды. Біз әр уақытта тарихымызды ұмытпауымыз керек. Біз тұрып жатқан мемлекеттің жері бәрімізге ортақ. Елбасының саясаты арқасында бәріміз бір ел болып, басымыз бірігіп отырмыз. Сол себепті ұлтқа, дінге, тілге қарамай, бір жерді мекендеп отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Мен үшін әрдайым қазақ жерінде тұрып жатқан елдің бәрі бір. Өйткені біз бір жерді бөлісіп отырмыз, ең бастысы – біз адам баласымыз», – деп жастарға ой тастады.

Конференция соңында қатысушылар Қарар қабылдады.

«Қоғамдық келісім кеңесінің этносаралық қатынастар жүйесі бойынша азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің өзара ынтымағын үйлестіруші ретіндегі әлеуетін арттыру» Астана қаласының Қоғамдық келісім кеңесінің қалалық конференциясының

ҚАРАРЫ

Конференция жұмысының күн тәртібіне енгізілген Қоғамдық келісім кеңесінің әлеуетін этносаралық қатынастар саласындағы азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің өзара іс-қимылының негізгі тетіктері ретінде көтеру мәселесін талқылай отырып, сөз сөйлеушілер елорданың мекемелері мен кәсіпорындарында Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлін атап өтті.  Олардың басты міндеті – әртүрлі құрылым ұжымдарында жұмысты жандандыру арқылы әрқайсысына жеткізу, қазақстандықтарға президенттік үндеудің негізгі ережелерін түсіндіру.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ең маңызды екі факторды анықтап, қоғамдық келісімді жаңғырту бағдарламасын іске асыру қажет. Бұл, біріншіден, ұлттық құндылықтар мен мәдениетті сақтау. Екіншіден, білім мәдениеті.

Тек мәдениет қана экономиканың тиімді жұмыс үдерісіне, ұлтаралық және тұлғааралық қарым-қатынастарға, басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал ете алады. Мәдениет – бұл қоғамға қарсы көріністерді жеңудегі ең тиімді рухани құрал.

Конференция Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы үйлесімді қарым-қатынасты құрудағы ерекше рөлін атап өтеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақстандық патриотизмді тәрбиелеудің нағыз мектебіне айналды.

Конференцияны өткізудің негізгі желісі – бұл Астананың қазақстандық қоғамды рухани жаңғыртудың локомотиві ретінде ұстануы.    

Алдағы уақытта да ұлттық бірегейлік пен сананың ашықтығын сақтауға баса назар аудару қажет.

Өзінің ұлттық және азаматтық бірегейлігін сақтай отырып, Қазақстан халқы өркендеген ел құру мақсатына қол жеткізеді.

Астана қаласы – Отанымыздың елордасы. Ол осы істің алдыңғы қатарында болуы міндетті. 

21 қараша 2018 жыл, Астана.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер